Құттықтау - тілек: Ораза, Рамазан айы құтты болсын, Айт қабыл болсын

Құттықтау - тілек: Ораза, Рамазан айы құтты болсын, Айт қабыл болсын

Алла тағала рамазан айында ұстаған оразаларымыз бен құлшылық-ғибадаттарымызды қабыл етіп, екі дүниенің бақытына бөлегей! Халқымыздың ынтымақ-бірлігін арттырып, ырыс-несібесін адалынан молайтқай! Дінімізге қуат, өзімізге иман байлығын бергей! Әумин!

Барлықтарыңызды қасиетті Рамазан айының келуімен құттықтап, ниеттеріңіз қабыл болсын демекпіз. Жүздеріңіздегі нұр, жүректеріңіздегі иман арта берсін. Отанымыз аман, жұртымыз тыныш, барша Қазақстан азаматтарының ынтымақ-бірлігі берік болғай!

Барлық мақтау мен мадақ Әлемдерді Раббысы Алла Тағалаға болсын! Жыл бойы күткен қасиетті Рамазан айына жеткеніміз үшін Жаратқан Иемізге сансыз шүкірлік етеміз.

Баршамызды мүбарак Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлы жаратушының пенделеріне тартқан теңдессіз сыйы – қасиетті Рамазан – сансыз сезімдер мен толып тасыған ізгі ойлардың салтанат құрған, күн мен түн де тұтастай Жасаған Иеміздің рахымы мен мейіріміне тұнған ай. Басқа уақытпен салыстырғанда жақсылықтар мен сауаптардың сансыз еселеніп жазылар айы да – Рамазан.

Құрметті мұсылман қауым! Ұстаған Оразаларыңыз қабыл болсын! Алла Тағала баршамызды шынайы ықыласпен Ораза ұстаушылар санатына қосып, жәннаттың есігінен кіруімізді нәсіп еткей!

Қасиетті Рамазан құтты болсын!

Құттықтау - тілек: Ораза, Рамазан айы құтты болсын, Айт қабыл болсын

Құрметті мұсылман қауым! Мүбәрак ораза айт мерекесімен шын жүректен құттықтап, Алла тағаладан баршаңызға қуаныш, отбасыла­рыңызға береке-бірлік, сүйікті Отанымызға гүлдену мен өркендеу, дінімізге қуат, барша мұсылмандарға тыныштық пен шаттық тілеймін. Әумин!


Құрметті мұсылман бауырлар, қымбатты отандастар!


Баршаңызға мүбарак Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Биыл – сүйікті Отанымыз үшін ерекше жыл. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы. Дәл осы айтулы кезеңде егемен еліміз Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының тізгінін қолға алып, қазақтың байтақ даласының шежіре-тарихы Исламмен біте қайнасып жатқандығын дүйім жұртқа паш етуде. Осынау мәртебелі қызметте елімізге Алла Тағаладан зор абырой нәсіп етуін тілейік.
Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Бұл айдың басты ерекшелігі, Алла Тағала Исламның бес парызының бірі болған оразаны осы айда ұстауды парыз етті. Екіншіден, адамзат баласын тура жолға бағыттайтын, ақиқат пен жалғанды, сауап пен күнә арасындағы парықты айқындап беретін қасиетті Құран осы айда түсірілді. Сондықтан бұл айда оқылған Құран аяттарының сауабы, атқарған ізгі іс-амалдардың сауабы өзге айларға қарағанда еселеп артады. Құдси хадисте Алла Тағала былай дейді: «Ораза тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін. Өйткені пенде Мен үшін шақуат қалауы мен ішіп-жеуден бас тартты». Үшіншіден, мың айдан да қайырлы Қадір түнінің осы айда орын алуы да – Жаратушының пендесіне тартуы.
Рамазан айында ораза ұстау – мұсылман адамның мойнындағы бес парыздың бірі. Қасиетті Құранда: «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят), – деп бұйырылған. Әрине, бұрынғы өткен пайғамбарлардың үмбеттері де өз кезегінде ораза ұстап өткен. Хадис-шарифте: «Ислам бес тірекке негізделген: Алладан басқа ешбір Құдай жоқтығына және Мұхаммед Оның елшісі екеніне куәлік беру, намаз оқу, зекет беру, қажылық және Рамазанда ораза тұту» деп ораза ұстау Исламның шартынан екендігін білдірсе, мына хадисте: «Кімде-кім шын көңілмен иланып, кәміл иманмен, сауабын Алла Тағаладан күтіп, Рамазан оразасын ұстайтын болса, оның өткен күнәлары кешіріледі» дей келе, оразаның ұлық ғибадат екендігін сүйіншілейді.

Демек, пенделікпен істеген кемшілік-қателіктерге өкініп, тәубеге келіп, сауабын Алла Тағаладан үміт ете ораза ұстаған жағдайда барша жамандықтарға кешірім болары шүбәсіз. Күнәсіз адам болмайтындығын ескерсек, ораза айы сол өткен күнәлардың кешірілуіне себеп болмақ, бауырлар!
Ораза ұстаған кісіге берілетін сауапты тілмен айтып жеткізу де, сипаттау да мүмкін емес. Рамазан айы тек оразаның сауабына кенелетін емес, күнәлардың да кешірілетін кешірім айы. Жаратқан Алла ораза ұстағандарды көз көрмеген, құлақ естімеген және адамзат қиялы жетпейтін жақсылығымен марапаттайды.
Адам пенделікпен өзге құлшылықты көрер көзге атақ, абырой үшін жасауы мүмкін. Алайда оразаны көрер көзге, риялықпен тұта алмайды. Оразаны Аллаға шын сенген мұсылман ғана ұстайды.
Алайда ораза тек таңның атысынан күннің батысына дейін нәр татпау ғана емес. Ораза – рухтың азығы, тәннің шипасы. Ол денсаулықты сауықтыру арқылы тәнді рухани тазартады.
Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ораза ұстаңдар, денсаулықтарың жақсы болады», – деп тектен-тек айтпаған. Ораза – мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Аузы бекітулі жан әдеп білмес пенделердің өзіне жасаған кейбір оғаш іс-әрекеттерін көріп, тұрпайы сөздерін естісе де: «Мен оразамын» деген бірауыз сөзбен нәпсісіне тоқтау салып, сабырға келеді. Ал сабырлылықтың сыйы – жаннат. Рамазан айында құлшылығын арттырған мұсылманның әрбір жасаған іс-әрекеттеріне еселеп сауап жазылып, ризық-несібесі артады. Кімде-кім ораза ұстағанға ауыз аштырса, оның күнәлары кешіріліп, ораза ұстағанның сауабындай сауап алады, одан ораза ұстаушының сауабы кемімейді. Бірде сахабалар ардақты Елшіге (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Біздің әрбіріміздің ораза ұстағанды тамақтандыруға шамамыз жете бермейді» – дегенде Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Алла Тағала ең болмаса бір түйір құрма, тіпті бір ұрттам сумен болса да қамқорлық жасағанға сауабын береді …» – деген.
Сондықтан кедей-ғаріптерді бір күн болса да тойындырып, қараусыз қалған мүсәпірлердің жанынан табылсақ, Алла Тағаланың шексіз рақымына бөленеріміз хақ.
Осы тұста еліміздегі барша кәсіпкер азаматтарды осындай ұлық Рамазан айында берілетін мол сауап үшін өзгеге қол ұшын созып, қайырымдылық жасауға, игі іс-шараларды мейлінше көбірек атқаруға шақырамын. Жұртымыз қасиетті айда Алла Тағаланың ашуы мен қаһарын тудыруға себепші арақ-шараптан, шариғатымыз тыйым салған басқа да харам іс-әрекеттерден аулақ болса деген тілегім бар. Мейрамханалар мен жиын-тойларда ішкіліктің ешбір түрі ішілмесе, дүкендерде сатылмаса.
Сөз соңында айтарым, оразаның жылдан-жылға он күнге кейін шегерілуіне байланысты биыл тамыздың алғашқы күндерінен басталып, ыстық аптапқа тұспа-тұс келмек. Бұл өз кезегінде мұсылман жамағатының төзімділігі мен сабырлылығына сынақ іспетті. Шілденің аптап ыстығында ауыз бекітсек, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сүйіншілегендей, жаннаттағы «Райян» қақпасының есігін ашуымызға септігін тигізер, иншаллаһ!
Құрметті әлеумет! Баршаңызға тауфиқты ғұмыр тілеймін. Ниеттеріңіз қабыл, мұраттарыңыз асыл болсын! Жүздеріңізге нұр, жүректеріңізге иман шуағы ұялай бергей! Жұртымыз тыныш, Отанымыз аман, тәуелсіз еліміздің мәртебесі асқақтап, ынтымағымыз жарасып, Алла Тағаланың құт-берекесі дари бергей!


Айт күні – аса салтанатты, қуанышты күн. Әр иманды адам осы қасиетті күнге ерекше дайындалып, оны мейрамдап өткізсе нұр үстіне нұр. Мен Сіздерге әлемдегі бар жақсылықты тілеймін.

Айт арабтың - “әлғид” деген сөзі – мейрам, мереке деген мағына береді. Осы айт күндерді ерекше қарсы алып айтшылайық, құрметті ағайындар. Наурыз мейрамы сияқты той-думанмен қызықтап өткізелік. Барлықтарыңызға осы қасиетті мейрамды өз үй-ішіңізбен құрметтеп өткізуге жазсын.

Бұрында әжелеріміз, ана-апаларымыз бар тәуір киімдерін, шашақты орамалдарын, әшекейлі мәсілерін сандықтан, шемоданнан шығарып, түрлене киініп, үстеріне әтір шашып (ер адамдар көп түрленбейтін) қыдырушы еді. Әңгіме-дүкенменен, әзіл-ойынменен ел аралап, бір-біріне барынша сый сыйлап, құттықтап, ағайын-туыстарды жақындататын. Болашақ өмірге Аллах-Тағаладан жақсылық тілейтін. Сол көріністер әлі көз алдымда. Жаныңмен, тәніңмен сағынатын тамаша уақыт. Осының бәрі қайтып оралады, балаларымыз ұлтымыздың мейрамдары мен салт-дәстүрлерін көріп біледі, кезінде біз сияқты естеріне түсіріп сағынады деген сенімдемін.

Әлі есімде, 60-шы жылдары жыл сайын бір-ақ рет Рамазан-шәріп, ораза айында Жарапазан келетін - әр жанұяға ізгі тілек айту, оразаны қолдау, қолпаштау ғой деп ойлаймын. Жарапазаншының қолында сылдырмақ таққан таяғы, таяғының басына таққан үкісі, аяғында былғары етігі, үстінде шапаны, басында ұлттық бөрігі болатын.

Жарапазан айта келдім есігіңе,
Қошқардай бір ұл берсін бесігіңе.
Мол дәулет, қайтпас ырызық бере берсін,
Шалқысын көлдәрия несібіңе.

Тәңірім қажымас қайрат берсін,
Ішсе де сарқылмайтын суат берсін.
Көңілің көпке деген шалқар болсын,
Талабың асқар таудай дарқан болсын.

Тәңірім құт береке бере берсін,
Мыңғырған мал өріске өре берсін.
Басыңнан бақ дәулетің еш кетпесін,
Дос сүйініп, дұшпаның басын исін.

Бақ қонсын, дастарқаның мол болсын,
Жолдасың қабағы ашық сайлы болсын.
Тасың өрге домалап әрқашанда,
Жанұяң бәрі ылайық жайлы болсын

Қадірлі мұсылман бауырлар, құрметті отандастар!
Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын!

Міне, айлардың төресі, күллі мұсылман баласы үшін қасиетті Рамазан айымен қимай қоштасатын күнге де таяп қалдық. Еліміздегі барша мұсылмандар күннің аптапты ыстығына қарамастан, тамыз айын жақсы ниетпен, тақуалықпен, оразамен өткізді. Кездескен қиындықтарға сабыр етіп, Жаратушы Иеміздің разылығына ұмтылды. Ми қайнатар ыстықты ауырсынбай ораза ұстауға төзе алған жан, өмірдің басқа да сынақтарына сабырлық таныта алатыны сөзсіз.

Рамазан – құлшылық пен сабыр, береке мен бірлік, мейірім мен қайырымдылық айы болса, үш күн бойы тойланатын Ораза айт мейрамы – адамдардың көңіліне көктем сыйлап, жанын жадырататын ұлық мереке. Баршаңызды Ислам үмбетінің ең қасиетті де ұлық мерекесі – Ораза айт мейрамымен құттықтаймын! Еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін барша мұсылман шат-шадыман қуанышқа бөленетін бұл мейрам Қазақстан жұртшылығына да құт-береке, ынтымақ, ырыс әкелсін!
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға көшіп келгенде, жергілікті халықтың мейрамдап, көңіл көтеріп жатқанын көріп: «Бұл қандай мереке?» деп сұрағанда: «Бұл біздің Исламға дейін тойлап келе жатқан мерекелеріміз», деген жауап естіді. Сонда Расулулла (с.ғ.с..): «Алла сіздерге бұдан да ұлық екі мейрам берді. Олар Рамазан және Құрбан айттары», деп осы ислами мейрамдардың мәртебелі екендігін білдірген.
Ораза айты адамдарды бауырмалдылық пен кішіпейілділікке, кешірімділік пен сүйіспеншілікке шақырады.
Ислам шариғатында пітір садақасының осы айт қарсаңында берілуі де жайдан-жай емес. Ораза айттың хадистерде «Ғидул-фитр», яғни «Пітір мейрамы» деп аталуы да сондықтан. Пітір садақалар жағдайы нашар, мүмкіндігі шектеулі отбасыларды қуанышқа бөлеп, айт мейрамында дастарқан жаюға жағдайы келмегендерге демеу болады. Сонымен қатар бұл күні мұсылмандар өлілерін де еске алып, Алладан оларға шапағат тілеп, дұға етеді.
Айт күнінің өзіне тән жарасымды да сауапты амалдары мол. Бұл күні ғұсыл құйынып, үстіне жұпар иіс сеуіп, айт намазына қатысу сүннет. Әр үйде сәні мен салтанаты ерекше мерекелік дастарқан жайылады. Мұсылмандар туған-туыс, дос-жаран, көрші-қолаңды аралап, бір-бірінің үйінен дәм-тұз татып, мәре-сәре болады.
Ренжісіп қалған кісілермен татуласу, қандай да бір келіспеушіліктің салдарынан қатынас үзілген туыстардың үйлерін арнайы аралау да ерекше маңызды. Өйткені Алла Тағала: «Сен кешірім жолын ұстан, жақсылыққа бұйыр, надандықтан бет бұр» («Ағраф» сүресі, 199-аят) деп мұсылмандарды барынша кешірімді бола түсуге шақырған.
Күндегі оразасын құрмамен ашуды сүннет еткен Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айт намазына барарда алдымен құрмадан дәм татып барып үйінен шыққанды ұнататын.
Дәл осы күні балаларды жаңа киім, тәттілер мен сыйлықпен қуантуды дағдыға айналдырсақ, ораза айтты олар да асыға күтетін болады.
Жалпы, Ораза айты қасиетті Рамазан айы аяқталғанының белгісі ғана емес, ол – бір айлық құлшылығымыздың қуанышы мен жемісі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде: «Ораза тұтқан адам екі рет қуанады: бірі – ауызашарда, екіншісі – ақыретте ұстаған оразасының сауабын алғанда», – деген екен.


РАҚЫМ АЙЫ – РАМАЗАН ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Құрметті мұсылман бауырлар, отандастар!
Баршамызды қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Сіздерді мүбәрак Рамазан айының келуімен құттықтаймын!
Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Күнделікті тіршілік қамымен жүретін пенденің жүрегіне бұл айда иман нұры құйылады. Өйткені, ораза адамды тақуалыққа тәрбиелейді. Сабырлық, қайырымдылық, мейірімділік, бауырмалдық секілді адамдық асыл қасиеттер артып, иман күшейеді. Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Бұл – Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі.
Сауаптар еселеніп жазылатын айда жасалған қайырлы істің қайтарымы адам баласы үшін құпия-сыр. Тіпті, ауыз бекітушіге берілетін сый мен сауап, құрмет пен марапат пайғамбарлар мен періштелерге де белгісіз.
Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін...» – деп оразаның қадірі мен қасиетін, мәні мен маңызын баяндаған.
Шарапаты мен шапағаты мол айда күнәлі істерден бас тартып, сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартуға, Жаратушының разылығына бөленуге асығайық!
Рамазанның қадірін жақсы түсінген сахабалар оразаға алты ай қалған сәттен бастап: «Раббымыз, бізді Рамазан айына аман-есен жеткізе гөр!» – деп дұға еткен. Пенденің осы айда ұстаған оразасы, қосымша құлшылықтары, өзгелерге жасаған қайырымдылығы, барлық сауапты амалдары еселеніп жазылады.
Ораза – күндіз тек ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Ораза – рухтың азығы, тәннің шипасы. Рамазан жан мен тәнді рухани тазартатын, мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Аузы берік жандар әдеп білмес пенделердің өзіне жасаған кейбір оғаш іс-әрекеттерін көріп, тұрпайы сөздерін естісе де: «Мен оразамын», – деген бір ауыз сөзбен нәпсісіне тоқтау салып, сабыр сақтайды. Ал сабыр иесіне берілетін сый – жәннат.
Денсаулығына байланысты немесе кәрілік жетіп ораза ұстауға шамасы жетпеген адамдар ауыз бекіткен кісілерге ауызашар берсе, ол да – үлкен сауап. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала ең болмаса бір түйір құрма, тіпті бір ұрттам сумен болса да қамқорлық жасағанға сауап жазады…» – деген.
Биыл маусым-шілде айларына тұспа-тұс келген Рамазанда ауыз бекітуге күннің ыстығы кедергі келтірмейді деп сенеміз. Себебі, оразаны рухани тұрғыдан сезінген жан Алланың теңдессіз сыйынан шет қалғысы келмейтіні хақ.
Рақым айы – Рамазан құтты болсын! Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай! Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмысымызға береке-бірлік нәсіп еткей!
Тәуелсіздігіміз баянды, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Әумин!
© Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
ораза құтты болсын, ораза айт құтты болсын, ораза айт қабыл болсын, ораза айт қазақша, ораза айт бен құттықтау, ораза айы мен құттықтау, ораза айтқа құттықтау, ораза айт кабыл болсын пожелания, рамазан құтты болсын, рамазан құттықтау, рамазан айында құттықтау, рамазан айы құттықтау, рамазан айы мен құттықтау, рамазан айына тілектер, рамазан айына арналған тілектер, Қазақша Құттықтау - тілек: Рамазан айы, Қазақша Құттықтау - тілек, Рамазан айы ораза айт мерекесімен құттықтау, рамадан поздравления на казахском, поздравления с рамазаном на казахском языке, ораза айт поздравления на казахском языке, ораза қабыл болсын тилектер, ораза айт қабыл болсын тилектер, ораза айт қабыл болсын поздравления, ораза айт қабыл болсын тілектер, рамазан, ораза кабыл болсын тилектер, айт мерекесіне арналған тілектер, айт мерекесі құтты болсын, айт батасы, айт бата, айт туралы бата, бата айту, тілек айт бата беру, қазақша бата тілек ораза айт, айт кабыл болсын пожелания на казахском, айт қабыл болсын поздравления на казахском, айт кутты болсын поздравления на казахском, ораза айт мерекесі құтты болсын

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]