Қазақша өлең: Жұбан Молдағалиев (Мен қазақпын [I-VII])

Қазақша өлең: Жұбан Молдағалиев (Мен қазақпын [I-VII])

IV

Мен - қазақпын мың өліп, мың тірілген.
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.

Қашан қазақ атандым мен азандап? -
Әлі күнге білмейсің, ей, адамзат.
Есіміме береді бала жасын
Құлпытасты шұқыған кей азамат.

Өзі шешер тарих талас үнін,
Әйтеуір мен - адамның баласымын.
Екеу емес, адамзат біреу ғана,
Айрымы жоқ ақ өң мен қарасының.

Адамзатта айырым жоқ, адамда бар -
Адамдықта, әдетте, аранда бар.
Бөлтірігін жейтұғын бөрілер бар,
Бабасын да сатады арамға олар.

Ұл өсірдім, қыз бақтым - ұлан тудым
Жақсы ішінде кейде бір жылан тудым.
Хан - сұлтан боп, бай болып аждаһалар
Салды астына жұртымды лаң тудың.

Абылайды, Жәңгірді, хан Кенені
Қазақ өзі қашаннан аң демеді?!
Қылықтары еріксіз түссе еске,
Қан татыған аузыма дәм келеді...

Солар мені қамаған қараңғыға,
Соларды тек жебеді сараң құдай.
Мен де ұқтым көзімнің ашылмасын,
Озбырлықты отамай, қаран қылмай.

Өшпейтұғын от іздеп құр сандалған
Прометей мен болдым құрсауланған.
Жарқылдадым Исатай, найзасы боп,
Махамбет боп тілінен жыр саулаған.

«Өздеріңдей хандардың,
Қарны жуан билердің
Атаңдай даусын ақыртып,
Лауазымын көкке шақыртып,
Басын кессем деп едім.
Еділдің бойы ен тоғай -
Ел қондырсам деп едім.
Жағалай жатқан сол елге
Мал толтырсам деп едім.
Еңсесі биік ақ орда,
Еріксіз кірсем деп едім.
Керегесін қиратып,
Отын етсем деп едім.
Туырлығын кескілеп,
Тоқым етсем деп едім.
Тақта отырған хандардың
Төрде отырған ханымын
Қатын етсем деп едім...»

Қамшы үйірдім атойлап хан тағына,
Хан - сұлтандай қайырымсыз аң табына.
Жалаңдаған найзама жалт қарады
Қаңтарылған зар заман аңтарыла.

Кезіккендей бір сойқан сең селіне,
Теңселгенде қанды тақ еңсеріле,
Тұрып қалды жамбастап сүйеніп ап,
Ақ патшаның қап - қара семсеріне.

Тұрып қалды, түндігі желпілдеді,
Төне түстім, дауылым серпілмеді.
Өштескен соң өліспей бітіспеймін -
Не сен! Не мен! - болды тек сертім де енді.
Беттер:
1 2 3 4 5 6 7
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
Мен қазақпын мың өліп мың тірілген, жұбан молдағалиев өлең Мен қазақпын жубан молдагалиев я казах стихи на казахском, жұбан молдағалиев өлеңдері, жұбан молдағалиев өлеңдер жинағы, жубан молдагалиев, жұбан молдагалиев олендеры казакша

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]