(Шәкірттер үшін жазылған. 1996 жылы Желтоқсанның 10 жылдығына байланысты жазылған).
Тоңдырды мені, Тоңдырды сені Желтоқсан желі ызғарлы...
Осы бір ән жолдарын сан мәрте естіген сайын, жып-жылы көңіл шуағын бір ызғар қаритыны несі?! Әлде бұл ақын дарындылығы мен сазгер таланттылығының астасқан құдіреттілігінде ғана жатыр ма?! Тек онда ғана емес секілді. Әйтеуір, қайткенде де өзге түгілі өзіңе де беймәлім бір сезімнің кеуде сарайыңа келіп орнығып алары сөзсіз. .....
Ақ сағымы бұлдыраған шетсіз-шексіз сайын дала, бүгінде ерекше құлпырып тұр. Жасыл желекке оранып, самал желі зырлай соғып жаныңа жайлылық бередей құшағын айқара ашуда. Құдды жап-жасыл кілем төсеп қойғандай болып, көк майса шөптері, әр жерге абайсызда төгіліп кеткен бояу сынды қызылды-жасылды гүлдері, сол гүлдерден балшырын іздеп шарқ ұрып жүрген баларалары, таудан бастау алып сылдырай аққан мөлдір бұлағы маң далаға айрықша сән беріп, көңілмен ұғар жарасымдылық тапқандай. Сол даланың маңғаз салтанатындай болып ақ шағалаға ұқсап кіршіксіз әрі тұла бойы ою-өрнекке тұнған еңселі киіз үй тұр. Ежелгі хан ордасы осы мекен деп қалғандайсың. Киіз үй ішінде төр жақта реттеліп қойылған жүкаяқ үстінде қат-қат көрпелер, сәл беріректе төр көрпе, текемет, алаша сияқты көздің жауын алар әсем дүниелер қаббаттаса жайылыпты. Мұнан бөлек үй іші түлкі, қасқыр, қоян сынды ірілі-ұсақты аң терілеріне малынып тұр. Бұның өзі киіз үйге өзгеше сән беріп тұрғандай. Оң босаға жақта бірден көзге ұрып, менмұндалап тұратын басқалардан ерек бір нәрсе бар. Ол нәрсе алтындалған тұғыр үстінде қайратты қанаттарын қомдап,жан-жағына отты көзін жарқылдата тігіп отырған қыран бүркіт еді. Пышақтай өткір тегеурінімен тұғырды сығымдай ұстап, әрі-бері қозғалақтап қояды. Жіліншігіне тағылған қызыл жібек бау да қыранның ерен айбатын білдіргендей. Анда-санда жем тілегендей ‘‘шаңқ’’ етіп қояды. Бірақ неге екені белгісіз, даусы әлсіз, талмаусырай шығады, енді бірде аспан мұхитын еркін шарлағысы келгендей түндіктен алып күнге өткір данарын қадай қарайды. Сөйтді де тас мүсіндей қатады да қалады. Бәлкім, өз тағдырын, өткенін сан мәрте қайталай ойлайтын шығар. Кім білсін?
Біз қаладан да, аудан орталығынан да жырақтағы Жандосов атындағы колхозда тұратынбыз. Өзімізге осы шағын колхоздан артық елді мекен жоқ сияқты болатын. Аспан әлемінің қожасы — күн нұрын тек біздің ауылымызға ғана төгіп тұратындай көрінетін. Тіпті біздің ауылымыздағы жарқ етер күн басқа жерге де шығып тұрады дегенді мен өзім де, басқа балалар да таңданып тыңдайтынбыз.
Шілде шығып, күн аптабы басылып, қоңырқай салқын тарта бастаған кез. Август айының соңғы күндері зымырап өтіп кететін баяғыдан бергі әдеті. Әдейі сентябрьді — мектепке барар күнді тездеп жақындатып келеді.
Күннің бір шеті батып, бір шеті жанып тұрған шақта кеш алдында Асқар ағай жорға торы биесімен Ұзынағаштан үйіне келіп түсті. Біз бәріміз Әбдісәлем де, Хамитта та, Қалибай да кітапқа ақша төлеп қойғанбыз. Ауданнан келген мұғалімді көре салып, артынан жүгірдік. Мұғалімнің бөктерген қызыл қоржыны бар. Екі басы толған кітап. Оны ересектеу Қалибай мен Хамит көтеріп үйге кіргізді. Менің оған шамам келіңкіремейді. .....
Құрметті сайт қолданушылары! Достар! Бүгін біздің порталға 1 жыл толды! (2015 жылы 14 наурыз күні порталымыз дүниеге келді)
Тәй-тәй басқан сайттың жетілуі мен дамуына үлес қосқан әрбір «жанкүйерімізге» алғыс білдіреміз. Сондай-ақ, сайттың іргесі қаланғалы бірге болып келе жатқан "ардагер" қолданушыларымызға құрметіміз ерекше.
Ары қарай да порталды дамытып, пайдалы жаңалықтар мен өзгерістер енгізіп, өздеріңіз үшін қызмет ете беретін боламыз. Ал, сіздерден барынша белсенділік пен қолдау күтеміз.
Баққа бөленген әдемі қаланың ортасына салынған емхана бір көшені бір-ақ алып тұрады. Оның көше жағына қараған беті дәрігерлер науқас адамдарды қабылдайтын бөлмелер де, аула жақ беті ұзын зал. Ұзын залдың бойына қойылған отырғыштардың босы көп болғанымен қабылдау кабинеттерінің бәрінің алдында адам баршылық. Адамның ең көп отырған жерлері құлақ, мұрын, тамақ ауруларын, көзді, тісті қарайтын кабинеттер алды. Ұзын залдың ашпалы терезелерінің барлығы ашық. Осы ашық терезелерден таңертең соққан самалмен бір хош иіс келеді де, адам мейірін қандырмай жоқ болады. Сусап отырғандарға зор сабадан бір-бір тостағаннан қымыз беріп бір жайқар келіншек ізінше қайтып шығып кеткендей болып тұр. Жанға сая көктемнің лебі отырған науқастарға табылмас шипадай сезіледі. Самал тағы да, ессе игі еді деседі, отырғандар;
Залдың. кіре беріс есігі кең ашылды да, денесіне жабыстыра тіккен қалың күрең қызыл көйлегі бар бір әйел көріне кетті. Ол есік жабылар — жабылмастан залдың оң жағына қарай тез басып жүріп берді. Осылай қарай бұрылуымен одан хош иіс бұрқылдап, терезеден келген лепке жарымай отырғандардың мұрнын жарып жібере жаздады. Ол құлақ, мұрын, тамақ ауруларын қарайтын кабинет алдынан аяғындағы өкшесі дірілдеген жылтыр қара туфлиін шажамайын шиқылдата, екі қолын артына лақтыра тастай сыпыртып өте шықты. Құлақ, мұрын, тамақ ауруларын қарайтын кабинет ең түкпірде еді. Бұдан былай кабинет жоқ болса да ол етіп барып бұрыштан кілт бұрылып, қашаған қуып үйренген қысыр биедей өкшесінен қайтты. Туфлиін шиқылдатып бері жүрді. Екі құлағын кезек басып шыдай алмай шеткерірек отырған орта жастағы Ерекеңнің беті тыржың ете түсті. Оған жалғас отырған қартаңдау әйел де татып кеткен айран ұрттан алғандай мұрнын тыжырып, бет-аузын қатпарландырып, аулын ырсита қойды. Көзі әлгі әйелде. .....
Әйелімнің төркіндеп кеткеніне бір аптадан асып барады. Амандық болса, ертең-бүрсүгүні келіп те қалар. Оның келуіне қарсы мен көп жұмыс істеп тастадым; үйдің іші-сыртын әктеп, есік-терезені көгілдір, жалтырақ бояумен сырладым. Көрпе-жастықты, кілемді қағып-сілкіп самалдаттым. Керуеттің босап кеткен сымының құлағын бұрап, домбыраның шегіндей қылып бабына келтірдім. Саусақтың ұшы тисе болды, «дың» етіп шаттық күйін шерткелі тұр.
Үш жұмсақ арқалығы бар, ала бажалақ диван сатып алдым. Бұл жаңалықты жұбайым көрсе қатты қуанып та қалар-ау деймін. Үйге кіріп келген ол әрине алдымен мамық диванды көреді. Сосын, «шалымнан айналдым» деп менің бетімді өппесіне кім кепіл?! Әлде «еркек деген осындай болар!» — деп, арқамнан қағып қана қояр ма екен?..
Әйелім сүйсінетін бұдан басқа да толып жатқан шаруалар істеп тастадым. Оның ескі туфлиін ремонтқа беріп, су жаңа қалпына келтірдім. Туфлидің біз өкшесін жарқыраған күміс сауытпен күптеткіздім. Қалай кисе де оңайлықпен тоза қоймас-ау! Бұл жақсылығымды сезіне білген парасатты келіншегім шексіз қуанышқа бөленіп, менің мұртымнан сүйіп жүрмесе игі еді!.. .....
Әулие Георгий атындағы діни білім беретін колледждің ұстазы, кісі қолынан жазым болған марқұм Элиас Уитнидің інісі Айза Уитни наша тартуға дағдыланып алды. Колледжде жүрген кездің өзінде-ақ де Куинсидің нашақордың көретін түсі мен алатын әсері сипатталатын кітабын оқығаннан кейін аталмыш жазушының нендей кепті бастан кешкеніне көз жеткізу мақсатында әсіре әуестікпен темекіге апиын қосып тарта бастаған. Басқалар сияқты бүл да тастаудан гөрі тартудың әлдеқайда оңай болатынына көп ұзамай-ақ көз жеткізді, сөйтіп күллі дос-жаранының аяушылығын туғызып, үрейін ұшырып, ұзақ жылдар бойы өз құштарлығының құлы боп қала берді. Оның сарғыш тартып ісінген болбыр беті мен қарашығы сығырайып кеткен мөлиген көзін, креслода дәрменсіз жатқан денесін көз алдымда ап-анық көріп тұрмын – бір кездегі көшелі азаматтың қаусап, қалжырап біткен қалдығы еді бұл.
Бір күні кешкісін, 1889 жылғы маусым айында, дәп сол қайта-қайта есінеп, сағатқа қарағыштай беретін шақта, біреу келіп пәтерімнің қоңырауын шылдыратты. Мен креслоға тіктеліп отырдым, ал тігіп жатқан нәрсесін тізесіне қоя салған әйелім жақтырмай қабағын шытты.
— Науқас қой! - деді ол. - Ауырып жатқан біреуге баруыңа тура келетін болды. .....
— Қайынаға, салығыңызды кешіктіріп кеттіңіз, неге төлемейсіз? — деп қайқы мұрындау келген, денелі, томпақ көз, жұқа ерін, суық шарпыған беті қара қожалақтаның-қыраған, басында түбіт шәлісі, аяғында саптама етігі, қолында тері биялайы бар, үстінде сеңсеңмен тыстаған сары тоны бар Ұлбосын, дәреттен келе жатқан Кәдірбай хажының алдынан кес-кестей берді.
Шалбарының бауын екшей байлап, аяғымен жерді тебініп, қысықтау келген қиғаш көзін Ұлбосынға алайта қарады да:
— Қайдағы салық? — деді хажы.
— Білмейсіз бе, қандай салық төлейтініңізді, — деді Ұлбосын, даусын көтере сөйлеп.
— Нені білейін! — деп хажы бір уыс көдедей шоқталып біткен ұзын қасын көзіне түсіріп, қалың қабағын тыржитты.
— Білмесеңіз айтайын: бір ауылнайдың имамы боласыз ғой. Зекет-ғұшырдан, жаназа шығарғаннан, тағы сондай табысыңыздан 350 сом, салған егін, жылқы, сиыр, қойыңыздың салығы 86 сом. Патент алмай сауда қылғаныңыз үшін 61 сом, барлығы 607 сом.
— Келін, осы сенің-ақ маған құтың түсті-ау жарқыным. Бір жылғы табысымның бас-аяғы 100 сомға зорға толады. Әнеугүні пинәтделге осы мәнімді айтып арыз бергем. Одан жауап алмай төлемеймін. Егінді жөнді салғам жоқ. Бір-екі десятина сепкен болып едім, шықпай қалды. Сауда қылғанымды кім көрген екен? — деп хажы аппақ сақалын қолымен тарап кейіді. .....
Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Жыл сайын жыл құсындай болып айналып соғар ұстаздар мерекесі тағы да есік қағып тұр. Ұстаз мамандығы қай қоғамда да, қай заманда да қадірлі де құрметті бола білді. Өйткені ұстаздық - тек бүгіннің ғана емес, келешектің, болашақтың жемісін мәпелеуші ұлағатты іс. Күні кеше ғана мектеп есігінен тарыдай боп кіріп, ақыл дариясы толысып таудай боп шығар әрбір шәкірт - осы бір киелі мамандықтың алдында мәңгі қарыздар. Себебі "Есімде әліппені жаттатқызып, ең алғаш қолға қалам ұстатқаның" деп белгілі ән жолдарында айтылғандай, білім кемесі мектеп табалдырығынан аттағанда, күлімсірей қарсы алып, қолыңнан жетелеп партаңа әкеп отырғызатын алғашқы ұстазыңнан бастап, әрбір ғылым сырының негіздерін жалықпай үйретер жоғары сынып ұстаздарының барлығы да шәкірт жүрегіне өз ізін қалдырып үлгереді. .....
Асылмұрат бала жастан пешене дегенді – кісі маңдайы деп түсініп жүріпті. Жас адамның маңдайында әжім болмайды. Тері мен сүйек арасында болар-болмас әлде бір із сырт көзге сезілмейді. Келе-келе... кісі егделене... маңдайға көлденең сызылып әжім түседі. Әлгі шимай кейіпкеріміздің көзіне жазу болып елестейді. Жұмыс басты пенденің өмір жолы... кім болмағы... нендей қатерлі асудан өтері... қандай кепті басынан кешетіні... алдын-ала айнаға түскендей жазылып қояды дегенге кәдімгідей иланатын. Кейіпкеріміз сөзге жоқ, сырын ішке жиып, біртоға мінезбен өсті. Құрбылары таласа сөйлеп, кимелеп көзге түсіп, қай ортамен мидай араласып, тастай батып, судай сіңіп жатқанда – бұл пақырың аузынан сөзі, иінінен бөзі түсіп, дастарқанды шетжағалап отырғанды қалады. Құйма құлақ атанды. Үндеместің сыры ішінде, сол сыр... қоңыр мұң... адамшылық арыз... жүрек шері сыртқа шықпай, қордаланып жинала-жинала Асылмұратты бір отырып жазып тастайтын жазушы етті. Жылдар өте тірі сөз теру кәсібіне айналды.