Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | Абай өлеңдері мен қара сөздерінің өзге тілдердегі тәржімасы

Жұмыстың құрылымы: жұмыс кіріспеден, екі тараудан және қорытынды бөлімнен тұрады.
Жұмыстың әдістемесі: салыстырмалы талдау әдісі.
Жұмыстың мақсаты мен міндеті: Абай өлеңдері мен қара сөздерінің орыс және ағылшын тілдеріне аударылған шығармаларды зерттеп, зерделеу. Алға қойылған мақсатқа жету үшін төмендегідей міндеттерді шешу көзделеді:
- ақынның қоғамдық, адамгершілік, әлеуметтік жағдай, өмір шындығы мен заман шындығын бейнелеудегі шығармашылық тұрғысы мен ұлттық ойлау даралығын тәржімеде берілу жолдары;
- ақынның өлеңдері мен қара сөздерінің аудармаларының сапасын саралау;
- аудармадағы жетістіктер мен қателіктерді көрсету;
- түпнұсқа мәтінімен орысша және ағылшынша тәржімелерді қатар салыстыру.
Жұмыстың мазмұны: Абай өлеңдері мен қарасөздерінің және оның орыс, ағылшын тілдеріне аударылған шығармалар арасында ақын стилі мен өзіндік даралығы салыстырма талдау нәтижесінде бағаланды. Жұмыстың бірінші тарауы ақын поэзиясының өзге тілдерге тәржімелену ерекшеліктеріне арналған. Заман бейнесі мен сол заманның адамының бейнесін суреттейтін Абай өлеңдерін орыс және ағылшын тілдеріне аударылу сапасы туралы айтылады.
Жұмыстың екінші тарауы ақын Абайдың адамгершілік, өмір, дін, оқу, ғылым, өнер сияқты мәселелер жайында жазылған қарасөздерінің өзге тілдерге тәржімелену сипаты туралы айтылған. Аудармашылардың жеткен жетістіктері мен жіберген қателіктері мысалдар арқылы көрсетілген.
Ақынның шығармаларын өзге тілдерге аудару барысында тәржімеде қазақ ұлтына тән сөздерге дұрыс балама табылмай, транслитирация әдісімен аударылған сөздер де кездеседі. Түпнұсқа мәтіні мен тәржіме мәтінінің арасында көркемдік, эстетикалық жағынан сәйкестігі тәржімеде сақталуы қажет. Осы бітіру жұмысымызда Абай шығармаларын өзге тілдерге аудару барысында ақын тіліндегі ұлттық бояуды, түпнұсқаның ойын, мән-мағынасын тәржімеде дәлдікті, нақтылықты сақтап беру қажеттілігі туралы айтылған.
Жұмыстың қорытындысы: Абай өлеңдері мен қарасөздерін өзге тілдерге көптеген аудармашылар тәржімелеген. Осы аудармашылардың ішінен К. Серікбаева мен Р. Сейсенбаевтың тәржімелері жақсы деңгейде шыққан деуге болады. Алайда, ол аудармашылардың тәржімелері Абай деңгейінде жасалмаған. Абайдың ақындық даралығын, стилін еш аудармашы жеткізе алмаған.

Кіріспе

Қазақтың ұлы ақыны Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы 1845 жылы осы күнгі Шығыс Қазақстан облысы (бұрынғы Семей уезі), Абай ауданында (бұрынғы Шыңғыстау болысы) Шыңғыс тауында дүниеге келген. Абай атақты Тобықты руының Ырғызбай деген руынан тарайды.
Абай әуелі ел ішіндегі дін мектебінде оқып, ауылдағы молдадан хат таниды. Он жасқа келгенде Семей қаласына келіп, оқуға түседі. Семейдегі алғашқы оқытқан молдасы - Ғабүлжаппар деген татар. Одан кейін Ахмет Риза медресесіне түседі. Абай осы медреседе үш жыл оқиды. Өзі тұстас үлкен-кіші балалардың барлығынан санағұрлым зейінді, ұғымтал және ерекше ықыласты болған. Дәрісте арабша кітапты молдасының бір оқып, бір-ақ рет түрікшеге аударып берген сөздерін кітапқа қарамай жатқа айтып шыға алатындай зерек болады. Дін сабақтарымен қатар, шығыстың ұлы классиктері Науаи, Физули, Саади, Хафиз, Шамси, Сайхали, шығармаларын оқып танысады. Оларды араб, парсы, шағатай, түрік тілдерінде оқыған. Соларға еліктеп бала ақын “Изузи Раушан”,“Физули, Шамси, Сайхали” өлеңдерін жазып, алғашқы ақындық жолын бастайды.
Ахмет Риза медресесінде оқып жүрген кезінде Абай Семейдегі Приходская школада үш ай орысша оқиды. Жасы он үшке келгенде, мұсылманша үш жыл, орысша үш ай оқумен Абайға ары қарай оқудың есігі жабылады. Әкесі Құнанбай Абайды оқудан шығарып алып, ел басқару жұмысына қосады. Әке еркімен ел ісіне жастай араласқан Абай тез есейіп, балалықтан ерте арылып, жастайынан ел ішіндегі әңгіме, сөз өнерін, билердің шешендік сөздерін бойына сіңіре береді. Кезі келгенде экспромотты өлең, қалжың сықақ, тіпті кейде ел жұмысына араласқан шешендердің өзін мүдіртіп кетуге тырысады.
Абай Құнанбайұлының жас кезіндегі алғаш өз жанынан суырып салып айтқан өлеңі - “Кім екен деп келіп ем түйе қуған” деп аталатын бір ауыз шумақтан тұрады. Оны ақын он жасында бір әйелге ауызша айтқан. 1864 жылы он тоғыз жасында “Әліп-би” өлеңін жазады. Мұнан кейінгі өлеңдерінің жазылу мерзімі 1870 жылдан басталады. 1884 жылдардан бергі өлеңдерінің жылдары үзілмейді. Әсіресе, көп жазған жылдары – 1886, 1889, 1895 жылдар. 1886 жылы 17 өлең, 1889 жылы 27 өлең (оның 8-ін орысшадан аударған), 1895 жылы 13 өлең жазған.....
Дипломдық жұмыстар
Толық
0 0

Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | Ахмет Байтұрсынұлы және ХХ ғасыр басындағы орыс тілші ғалымдары

Жұмыстың құрылымы: Дипломдық жұмыс кіріспеден, негізгі бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады

Жұмыстың мақсаты мен міндеті: Ахмет Байтұрсынұлы түркі тіл білімі тарихында грамматиканың барлық саласында ғылыми жол бастаушы және негізін қалаушы ғалым екендігін салыстырудың қорытындылары бойынша дәлелдеу

Жұмыстың жалпы сипаттамасы: Ахмет Байтұрсынұлы – ағартушы, қазақ тіл лингвистикасының көш бастаушысы, рухани – мәдени тарихымыздың көрнекті өкілі, белгілі ғалым – педагог, қазақ теориясы мен сынының негізін салушы, ақын, аудармашы ,филолог, еңбек сіңірген ғылыми қызметкер.
Бұл жұмыстар Ахмет Байтұрсынұлының қазақ (түркі) тілтанымдық мұрасы ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі әлем тілтаныммен сабақтас екендігін көрсету болып табылады. Ахмет Байтұрсынұлы тіл біліміндегі мәселелердің негізін қалаушы ғалым екендігін салыстырудың нәтижесіндегі қорытындылар бойынша айқындаймыз.

Жұмыста қолданылған әдістер: Сипаттамалы, ғылыми-зерттеу әдісі, салыстырмалы ғылыми-зерттеу әдістері қолданылды

Жұмыстың өзектілігі: Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасы негізінде ХХ ғасыр басындағы орыс тілші ғалымдар өздерінің тілтанымдық концепциясын жасады деген тұжырымды дәлелдеу

Пайдаланылған дерек көздері: Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми еңбектері және оған арналған зерттеу мақалалар, сондай-ақ Н.Ф. Яковлев, Е.Д. Поливанов, И.А. Бодуэн де Куртенэ, В.В. Виноградов, А.М. Кононов, П.М. Мелиоранский, А.Н. Самойлович, Л.Р. Зиндер және т.б. ғалымдардың тілтанымдық еңбектері қарастырылды

Тірек сөздер: термин, тұжырым, дыбыстық жүйе, қорытынды, қазақ тілі грамматикасы, тіл білімінің теориясы, тіл материалдары, практикалық жетістіктер, тіл категориясы, әдіс, орфографиялық норма

КІРІСПЕ

А. Байтұрсынұлы – ғұлама жазушы, энциклопедиялық білім иесі, рухани дүниесі биік ғұлама. Ахмет Байтұрсынұлының өзі және творчестволық мұрасы төрт рет репрессияға ұшырады. Бұл тарихи шындық. Көп жылдар бойы зерттемелері “құлыптаулы” қамал ішінде сақталды. Ахмет Байтұрсынұлы жер шарының алты бөлшегінің бір ұшын қамтыған мемлекеттің тарихында жиі кездесетін көп ақтаңдақтардың біреуі. Ахмет Байтұрсынұлы КСРО-да репрессияланған болса да, Қытай да, Монғолстанда, Түркияда, Германия мен АҚШ ғалымдарының еңбектерінде, А.А. Реформатскийдің, А.Н. Кононовтың және басқалардың зерттемелерінде ХХ ғасырдың ғұлама тілшілердің бірі ретінде танылды.
Бүгінгі таңда, Ахмет Байтұрсынұлы еңбектері терең зерттеле бастады. Бұл зерттемелер, мақалалар, естеліктер мен деректі кинофильмдер және тағы басқалар аз да болса, Ахмет атамыздың жазушылық, қоғамдық-мемлекеттік, педогогикалық қызметін сипаттайды.
Енді қысқаша өмірбаянына тоқталып кетсек, Ахмет Байтұрсынұлы 1873 жылы 28 (15) қаңтарда сол кездегі Торғай уезіне қарасты Тосын болысының 5-ші ауылында Сарытүбек деген жерде дүниеге келген. Ахмет Байтұрсынұлының әкесі (Байтұрсын Шошақұлы) ауылға інісі Ақтасты іздеп келіп, ойран салған патша әскерлерінің полковнигіне қарсылық көрсеткені үшін әскери соттың шешімімен інісі екеуі 15 жылға сотталып, Сібірдің каторгасына айдалды.
Жетім қалған А. Байтұрсынов немере ағасы Ерғазының қолында тәрбиеленді. Ахмет ауылдағы молданың мектебінде (ислам дінінің негіздері, оқу, жазу, Шығыс әдебиеті, ауызекі халық әдебиеті (фольклор), түркі шежіресі, қазақ шежіресі, тағы басқа) сапалы діни білім алады. 1891 жылы Торғай қаласында екі кластық орыс-қазақ училищесін бітіреді. 1895 жылы Орынбор қаласында, кезінде Ы. Алтынсарин негізін қалаған “Мұғалімдер мектебін” бітіреді. 1895-1905 жылдары Ахмет Байтұрсынұлы Ақтөбе, Қостанай және Қарқаралы уезінде және екі кластық орыс-қазақ училищесінде мұғалім болып істейді. 1907 жылы Ресейдің отаршылық саясатына қарсы күреске қатысқаны үшін тұтқындалып, Қарқаралы қаласының абақтысына қамалды, одан Семей қаласының абақтысына өткізіледі, 1913 жылдың наурыз айынан 1917 жылдың соңына дейін Орынбор қаласында “Қазақ” газетінің бас редакторы болып жұмыс істейді. 1917 жылдың соңынан 1919 жылдың наурыз айына дейін “Алаш” партиясы жүйесінде және “Алашорда” атты уақытша Халық кеңесінің оқулықтар жазу Комиссиясының құрамында қызмет етеді. 1919 жылы наурыз айында Ахмет Байтұрсынұлы Совет үкііметін қабылдап, сол үкіметтің жүйесінде мемлекеттік істерде қызмет атқарады: 1920-1923 жылдары – Қазақстан Халық Ағарту Комиссариатының комиссары; 1921-1922 жылдары – Қазақстан Халық Ағарту Комиссариаты жанындағы Ғылыми Әдеби комиссияның төрағасы; 1921-1926 жылдары – Орынбордағы Қазақтың халық ағарту институтының мұғалімі; 1926-1928 жылдары Ташкенттегі Қазақ педагогика (тәлім-тәрбие) институтының мұғалімі; 1928-1929 жылдары – Қазақ мемлекеттік университетінің профессоры, 1929 жылы колхоздастыру және конфискация жасау кезіндегі асыра сілтеушілерге ашық қарсы үгіт жүргізгені үшін тұтқынға алынып, Архангельск облысына жер аударылады. Дүниежүзілік Қызыл Кіреске М. Горькийдің жұбайы Е. П. Пешкованың жолдаған өтінішімен А. Байтұрсынұлы 1934 жылы мерзімінен бұрын айдаудан босатылады. 1936-1937 жылдары қайтадан тұтқынға алынады. 1937 жылы желтоқсан айының 8 күні атылады. 1988 жылы қараша-желтоқсан айларында ақталады /7, 13/.....
Дипломдық жұмыстар
Толық
0 0

Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | Күләш Ахметова шығармаларындағы махаббат тақырыбы

Кіріспе
Дипломдық жұмыстың тақырыбы: Күләш Ахметова шығармаларындағы махаббат тақырыбы»
Зерттеу тақырыбының өзектілігі:Ұлттық поэзия патшалығына өзіндік өрнек, өзгешеліктерімен келген, адамдық, ізгілік иірімдерін нәзік лиризммен, терең тебіреністі толғамдармен еркін жырлаған - Күләш Ахметова уақыт талаптарын жіті зерделеді. Қайсібір тақырыпты да тереңнен толғап, ақыл-парасат нұрын, көңіл күнделігін, жан-жүрек сәулесін молынан түсірді. Атамекен мұратын, ел-жер тағдырын, адам әлемін алуан ізденіс, түрлі салыстырулар арқылы шебер де шешен жеткізді. Күләш Ахметованың ақындық өнері-талант қуатымен, көркемдік нәрімен, сыр-сезімге толы шындық сипаттарымен даралана түседі. Ақынның махаббат тақырыбындағы өлеңдерінің өзекті мәселесіне үңіліп,өзіндік өрнектерін тану талмай зерттеуді талап етеді.
Зерттеу нысаны ретінде Күләш Ахметованың лирикасы, әр жылдары жарық көрген жыр жинақтары мен ол туралы жазылған әдеби сын еңбектері негіз етілді.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері: Жұмыстың басты мақсаты қазіргі қазақ поэзиясының көрнекті тұлғасы Күләш Ахметованың ақындық әлемін махаббат тақырыбындағы өлеңдері арқылы қарастыру болып табылады.Сол арқылы танымал тұлғаның әдеби процестегі орын-үлесін, ізденіс арналарын, көркемдік мұраттарын, қаламгерлік нысанасын зерделеу. Ақын әлеміне ену,ізденіс арналарына назар аудару,тақырыпты меңгеру, образды ашу,коркемдік амал-тәсілдерді қолдану мүмкіндіктеріне мән беру.
Осы мақсатқа жету барысында төмендегі мәселелерді негізгі назарда ұстау міндет етілді:
- К.Ахметованың өмірі мен шығармашылық ғұмырбаянын жаңа уақыт талаптары тұрғысынан зерттеу мен зерделеу;
- ақындық өнерін тақырып табиғаты,жанрлық-көркемдік жүйесі,тіл-стиль сипаттары аясында қарастыру;
- ақын лирикасындағы атамекен мен адамгершілік сезімдерін,жастық пен достық сырларын кеңінен саралау;
- ақын шығармаларындағы ізденіс мұраттарын, көркемдік таным арналарын, көзқарас эволюциясын зерделеу;
- ақын өлеңдеріндегі тәуелсіздік тұғыры мен демократия тағылымының көріністерін байыпты барлау;
- К.Ахметова лирикасын зерттеу негізінде шығармашылық процес табиғатын ашу, өлең-өнердің сырлы да сыршыл сипаттарына ден қою, ақын мұраты мен көзқарас, қолтаңба табиғатына мән беру;
Зерттеу жұмысында қолданылған әдістер: жүйелеу мен жинақтау, сипаттау мен тұжырым жасау, салыстырмалы талдау мен кешенді түрде қарастыру.
«Күләш» деген бүкіл халқымызға ардақты есім, бізге «Күләш» десе, алдымен ән келеді. Құлағымызға сыңғырлап күллі қазақ даласын жаңғыртқан оның бұлбұл үні жандүниеңді тербеп, денеңді бір суытып, бір ысытып таңғажайып сиқыр күйге бөленгендей боласыз. Күләш жайлы М.Әуезов, Ғ.Мүсіреповтен бастап, қаншама ақын – жазушылар тебірене жазды. Тербетіле сөз етті. Әнші Күләш жайлы ақын Күляш Ахметова да толғанған, ол:
Келтірген түрлі сазын, түрлі нәтін,
Қалдырды ұрпағына мол мұрасын.
Әлі мен ойланамын өз ортасы,
Әлпештей алды ма деп бір Күләшін, - десе біз іштей қуанамыз. Дархан да талантты халқымыз «Күләштардың» қатарын сиретпепті, ел ішінде әншісі де, бишісі де ақыны да мол, олардың әлі -ақ қайнап, бұрқап шығары сөзсіз.....
Дипломдық жұмыстар
Толық
0 0

Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | Көне жазба әдебиет пен қазақ ауыз әдебиетінің өзара байланысы

Кіріспе
Көне тарихтың куәсіндей болып, бізге қадым замандардан жеткен ежелгі түркі әдеби жәдігерліктерін жан-жақты зерттеп, олардың ішінен інжу-маржандай ең асылдарын сұрыптап ала білу, әрі сан ғасырлар бойы халық даналығы тудырған асыл қазынаны бүкіл қоғамдық ой-сананы қайта құрып жатқан егеменді еліміздің игілігіне айналдыру-қазақ әдебиеттану ғылымының алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі деп білеміз.Сондай-ақ көне жазба әдебиет пен қазақ ауыз әдебиетінің өзара байланысын зерттеп, сол арқылы әдеби мұралардың қазақ халқының төл әдебиетінің қалыптасуына қалай әсер еткенін ғылыми негізде ашып көрсету болашақтың ісі деп санаймыз.
Қазақ елінің қоғамдық, әлеуметтік, мәдени, әдеби, жалпы рухани тарихы қайта жазылып жатқан бүгінгі таңда ежелгі әдеби жәдігерліктердің әр қайсысын жеке-жеке, дербес күйінде зерттеумен шектеліп қалудың өзі жеткіліксіз болып отыр. Ендігі міндет-ежелгі тарихтың түрлі кезеңдерінде өмірге келген әдеби шығармалардың бірінен-бірі туындап жататын ішкі логикалық байланыстарын, өзара ықпал әсерін, даму жолдарын көне жазба әдебиет пен қазақ ауыз әдебиетінің арасындағы өзара байланыстарын талдау, сұрыптау болып табылады. Ал, бұл аса жауапты міндетті жүзеге асырудың өзі ежелгі әдеби жәдігерліктерді өзара байланысты түрде алып қарастыруды талап етеді. Дәлірек айтсақ, қазақ әдебиетінің түп-төркінін, қайнар бастауларын объективті түрде зерттеудің ғылыми принциптерінің бірі-ежелгі әдеби жәдігерліктерді ауыз әдебиеті үлгілерімен өзара байланысты түрде алып талдау болып табылады.
Әрбір ұрпақ өзінен бұрын ғұмыр кешкен барлық ұрпақтар жасаған рухани мұраны игеріп,оны жаңа қоғамдық-тарихи жағдаиға сәйкес жетілдіріп отыруы тиіс.Сонда ғана қоғам дамуының рухани мүмкіндіктері объективті түрде жүзеге асады.Міне, сол себепті біз ежелгі түркі әдебиеті мен қазақтың халық ауыз әдебиеті арасындағы сан ғасырлар бойы үзілмей ұласып келе жатқан көркемдік дәстүр жалғастығы проблемасын осы тұрғыдан зерттеуді жөн көрдік.
Тақырыптың өзектілігі: Көне жазба әдебиет пен қазақ ауыз әдебиеті арасындағы өзара байланыс-қазақ әдебиеттану ғылымында тарихи және теориялық жағынан барлық қыры толық күйінде, жан-жақты зерттеле қоймаған аса күрделі проблемалардың бірі болып табылады. Ал, бұл мәселені ғылыми тұрғыдан зерттеу-ұлттық сөз өнерінің эстетикалық қуатын, философиялық мән-мағынасын әрбір әдеби жәдігерліктердің өмірге келу себептерін айқындап алуға мүмкіндік береді. Бүгінгі қоғамдық, әлеуметтік, рухани өмірімізде орын алып отырған қыруар өзгерістердің өзі ежелгі көне жазба әдебиет пен қазақ ауыз әдебиетінің өзара байланысын ғылыми негізде
айқындап алуды қажет етіп отыр.Рас, соңғы жылдары қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірін зерттеуге арналған бірқатар қуынды еңбектер өмірге келді.Алайда, қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерін, сан қилы мәселелерін, жанрларын тағы басқаларын зерттеуге арналған мұндай ғылыми еңбектер өзара жалғаспай, бірін-бірі толықтырмай, сол арқылы ежелгі дәуір әдебиеті тарихының тұтас ғылыми картинасын жасамай, әрқайсысы жеке-жеке күйінде қалып отыр.
Көне жазба әдебиеттің ауыз әдебиетіне, ауыз әдебиетінің көне жазба әдебиетіне өзара әсер ықпалын, байланысын қарастыру әдебиет тарихындағы елеулі мәселелердің бірі.Осы құбылыстың табиғатын тану, қыры мен сырын түсіну қажеттігі тақырыбымыздың өзектілігін айқындайды.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері: Ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің қалыптасу, даму динамикасын қадағалау әдебиет тарихының үлесіне тиеді. Бұлардың өзара сабақтастығын, байланысын анықтау- осы ғылым саласының басты проблемаларының бірі. Осыған орай ежелгі түркілердің арғы ата-тегі саналатын сақтар мен ғұндар дәуірінде хатқа түскен әдеби жәдігерліктер мен түркі-оғыз қағанаттары дәуірлеріндегі жазба ескерткіштерде кездесетін ауыз әдебиетінің элементерін, уыз әдебиеті үлгілерін тауып талдауды алдымызға басты мақсат етіп қойдық. Сондай-ақ Махмұт Қашқаридың «Диуани-лұғат-ат түрік » еңбегіндегі үлгілердің және Әлидің «Қисса Жүсіп »,Рабғузидің «Қисса-ул әнбия» сияқты туындыларының ауыз әдебиетіне әсер- ықпалын ашуды да мақсат деп алдық.
Осы аталған мақсаттардан төменгідей міндеттер келіп саяды:
-Сақтар мен ғұндар дәуірінде хатқа түскен әдеби жәдігерліктерді зерттеп, сол әдеби мұралардың қазақ халқының өздерінің төл әдебиетінің қалыптасуына қалай әсер еткенін ашып көрсету.
-Шығыс жазба әдебиетінің көптеген хикаялары,рауаяттары халық арасына ауызша тарап кеткен.Міне осы шығыстық қисса-дастандардың қазіргі ауыз әдебиетіндегі варианттарын танып білу.....
Дипломдық жұмыстар
Толық
0 0

Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | Кеңес дәуірі және қазіргі қазақ әңгімелерінің жанрлық ерекшіліктері

Кіріспе
Әдебиеттану ғылымында әдеби жанр мәселесі жан-жақты зерттелініп келеді. Әдеби жанр (французша genre – тек, түр) термин ретінде шартты түрде екі мағынада қолданылады: 1) әдебиеттің тектері – эпос, лирика, драма; 2) әдеби шығарманың түрлері – әңгіме, роман, баллада, поэма, комедия, трагедия т.б.
Әдебиеттанушы Г.Н.Поспелов жанр мәселесі туралы: „Термин жанр употребляется в нашей науке в двух разных смыслах. Жанрами нередко называют то что издавно было принято называть „родами” литературы – эпос, лирику, драму. Но это нарушает давно сложившуюся традицию называть словом „жанр” не роды литературы, а те более частные ее образования, которые существует в пределах различных ее родов такие как например: эпопея, роман, рассказ, новелла, ода, очерк, трагедия” [1;230], – дейді.
Байқап отырғанымыздай, жанр мәселесінің маңында шартты пікірлер көп. Әдебиет теориясы жайлы жазылған кітаптардың көбінде әдебиеттің тегі – жанр, әдеби шығарма – жанрлық түр деп танылып жүр. Сонда, эпосты – жанр деп білсек, оның шағын, орта және кең көлемді үш түрі белгіленеді де, шағын көлемді эпикалық түрге – очерк, әңгімені т.б. жатқызамыз.
„Литературные жанры обладают структурными, формальными свойствами, имеющими разную меру определенности. На более ранних этапах на первой план выдвигались и осознавались как доминирующие именно формальные аспекты жанров. Жанрообразующими началами становились и стиховые размеры и строфическая организация и ориентация на те или иные речевые конструкции и принципы построения,” [2;372] – деген В.Е.Хализовтың пікірінше әрбір жанрлық туындының жанр түзуші белгісі болады.
Әрбір әдеби туындының жанрлық табиғаты әр алуан: көлемді эпикалық шығармада өмірдің күрделі шындығы нақты көркем тұлғаларға жинақталып, олардың өзара қарым-қатынастарынан туған қат-қабат оқиғалар арқылы ашылса, біздің бітіру жұмысымыздың нысаны „...шағын көлемді эпикалық жанр әңгімеде өмір шындығы бір немесе бірер ықшам эпизод мөлшерінде, адам тағдыры бір немесе бірер жинақы оқиға көлемінде ғана көрсетіледі. Оқиғаға қатысатын қаһармандар санаулы, олардың басынан өтетін құбылыстардың бәрі емес, кейбір үзіктері ғана суреттелетін болғандықтан, мұндай шығарманың көлемі де шағын, ықшам. Адам мінезі мұнда көбіне қалыптасқан, дайын қалпында көрінеді. Кейіпкер өмірінің көп бұралаңы шығарма сыртында – баяндаудан да, суреттеуден де тыс. Авторлық материал – нағыз қажетті детальдар мен штрихтар ғана. Шығарманың сюжеттік арқауы ұзақ желілі, арналы даму үстінде емес, қысқа қайырылған келте суреттер түрінде тізбектеледі, композициясы да – жинақы, үйірімді, ширақ келеді,” [3;290]– дейді белгілі әдебиеттанушы ғалым З.Қабдолов.
Шағын көлемді эпикалық түр әңгіменің жанрлық ерекшеліктеріне тоқталып өтейік. Қазақтан шыққан тұңғыш әдебиеттанушы-ғалым А.Байтұрсынұлы 1926 жылы жарық көрген мәні мен маңызы өте терең, сан-салалы әдебиет табиғатын жан-жақты ашып, талдап түсіндірген „Әдебиет танытқыш” атты еңбегінде жазба әдебиеттің өзіндік ерекшеліктерін айта келіп, оны: 1) әуезе, яки әңгіме 2) толғау тобына қарайтын сөздер, 3) айтыс-тартыс тобына қарайтын сөздер деп үш түрге бөліп қарастырады.
Осы топтағы әуезе немесе әңгімеге анықтама бере келіп, А.Байтұрсынұлы:
„Бұл топқа кіретін сөздер толып жатыр. Оның бәрін түгендеудің қажеті жоқ. Басты-басты түрлерін алғанда, олары мынау болады:
1. Ертегі жыр 2. Тарихи жыр. 3. Әуезе жыр. 4. Ұлы әңгіме (роман). 5. Ұзақ сөз. 6. Аңыз өлең немесе әңгіме. 7. Көңілді сөз. 8. Мысал.
9. Ұсақ әңгімелер” [4,32], – дейді.
А.Байтұрсынұлы ұлы әңгіме, яғни романға жанрлық жағынан сипаттама бере келіп, „ұлы әңгіменің өресі қысқа, өрісі тарлау түрі „Ұзақ әңгіме”, ал одан шағындау түрі „Ұсақ әңгіме” деп аталады”, – деп нақтылай түседі. Одан әрі: „Ұлы әңгіме, ұзақ әңгіме, ұсақ әңгіме болып бөлінулері үлкен-кішілігінен ғана. Мазмұндау жүйесі бәр-бәрінде де бір, айтылу аудандарында айырма бар: ұлы әңгіме сөзі алыстан айдаған аттар сынды жайыла бастайды, ұзақ әңгіме жақыннан айдаған аттарша жайыла бастайды, ұсақ әңгіме мүше алып, оралып келе қоятын аттарша бастайды”, – деп „әуезе түрлерін” одан әрі қарай жіктеп, жүйелеп береді.
А.Байтұрсынұлының „Әдебиет танытқышындағы” „ұлы әңгіме” деп отырғаны – роман, „ұзақ әңгіме” деп отырғаны – әңгіме жанры екені түсінікті.....
Дипломдық жұмыстар
Толық
0 0

Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | Айтыс ақындар тіліндегі троптар (О. Досбосынов шығармалары бойынша)

Кіріспе
Тақырыптың өзектілігі: Сөз өнерінің, көркем сөз тігісінің, образдың, көркем ойлардың, сөз шешендігі мен шеберлігінің тілдік көрінісін айтыс өлеңдерінен байқаймыз. Айтыстарда көркемдік бейнелеу, көріктеу тілі өз алдына, түлеп ұшқан тың өткір, ұтқыр тіркес аса мол болды. Айтысқа қатысқан екі ақынның қайсысы болса, халықтың тіл байлығын молынан пайдалана отырып, неше түрлі әдемі теңеу, сөз образдарын жасайды, айтайын деген ойын әрі ашық, әрі терең мағыналы етіп жеткізеді. Қазіргі кезеңде кемеліне келген әдеби тіліміздің ілгері басып, дамуына ақындық теңізі сияқты айтыс өлеңдерінің орны ерекше. Айтыс - өлеңді қолма-қол суырып салып айтатын өнер сайысы, синкреттік сипаты басым жанр. Айтыс тілінің көркемдік әлемі – оның бүкіл болмысын танытады. Көркем сөз өнеріне елеулі үлес қосқан айтыскер ақын О.Досбосыновтың шығармашылығын тілдік тұрғыдан талдап көрсете отырып, әдеби тілдің көркемдік нормаларын, соған сәйкес эстетикалық принциптерді қалыптастырудағы орнын анықтау зерттеудің өзектілігі деп білеміз. Ақын тіліндегі троптардың түрлеріне кеңінен тоқталып, өзге айтыс ақындар тілінің ерекшеліктерімен салыстара зерттеу маңызды болмақ.
Зерттеу нысаны: Жұмыстың зерттеу нысаны ретінде – О.Досбосынов айтыстарындағы троптың түрлері мен көркемдік тәсілдердің ерекшеліктері алынды. Сол арқылы айтыс тіліндегі троптарды зерттеу нысаны көзделді. Ақынның кейбір сөз қолданысындағы ерекшеліктерді анықтауда олардың қағысулары мен қайымдасулары, басқа да айтыс ақындарымен салыстырылды. Және де ақын айтыстарымен бірге өзінен бұрынғы өмір сүрген айтыскер ақындар Біржан мен Сара, ұлы ақын Абайдың өлеңдері, түркі жазба ескерткіштері тілдік салыстырулар ретінде қарастырылды.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері: Зерттеудің негізгі мақсаты – айтыс ақындар тілінің лексикалық ерекшеліктерін, яғни стильдік-семантикалық, құрылымдық жағын, көркемдік амал-тәсілдердің экспрессивті, эмоциялық бояуын, фразеологизмдердің сөз саптауда әр түрлі семантикалық, тұлғалық, өзгеріске ұшырап жаңаруын, сондай-ақ морфологиялық, кейбір синтаксистік ерекшеліктерді және өлеңнің құрылысын анықтай отырып, ақындар айтысындағы троптарды О.Досбосынов тілі бойынша зерттеп, маңызын анықтау.
Жұмыстың зерттеу әдістері: Зерттеудің негізгі әдіс-тәсілдері – стильдік-семантикалық талдау және баяндау, салыстыру, ғылыми тұрғыда талдау. Сондай-ақ, жалпы тіл білімінде қолданылатын лингво-стилистикалық әдістер басшылыққа алынады.
Жұмыстың жаңышылдығы: Зерттеу негізін құрайтын “Айтыс тіліндегі троптар” О.Досбосынов шығармалары бойынша зерттеліп, алғаш рет айтыскер ақынның көркем сөз образдарының тілдік бейнесінің мәні туралы пайымдаулар жасау үлкен маңызға ие. Ақын тіліндегі троптардың қолданыс аясын зерттеу арқылы бүгінгі айтыс тіліндегі троптардың ерекшеліктерін анықтайды


1 АЙТЫС ЖАНРЫНЫҢ ӨТКЕНI МЕН БҮГIНI

1.1Айтыс жанрының зерттелуі

Қазақ тарихында халықтың әлеуметтік – тұрмыстық ерекшеліктеріне сәйкес туып қалыптасатын фольклорлық мұраның қайнар көзі саналатын айтыс өлеңдерін зерттеу - қай кезеңде болмасын маңызды.
Айтыс - өлеңді қолма-қол суырып салып (импровизация) айтатын өнер сайысы синкреттік сипаты басым жанр. Ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда айтыстың алғашқы үлгілерінің тууына тұрмыс-салт жырлары негіз болған. Батыс түрік қағандығы кезінде (6-7 ғ) Қытай жылнамаларының деректерінде “түріктер бие сүтінен жасалған қымызды ішіп алған соң, ән шырқап бір-бірімен өлең айтысады” деп жазылған. Тіпті оның түп-тамырын “алғашқы қауымның әлеуметтік-экономикалық тіршілігінен іздеу керек” деген де тұжырым бар. Қалай десек те айтыс әріден – көне дәуірден тамыр тартады.
Халық өмірінен мәнді орын алып, күні бүгінге дейін толастамай ие бола жалғасып келе жатуы айтыстың өміршең екендігін көрсетеді. Ауыз әдебиетінің ең мол жанры ретінде айтыс, тек XIX ғасырдың ортасында былайғы қарайғы кезеңде ғана жазылып, жарық көріп түрлерге бөлініп, халыққа кеңінен таныла бастайды. Бұл іске Т.А.Сейдалин, С.А.Жантөрин, Б.Дауылбаев, Ж.Шайхысламов т.б. қатарлы жазушылар ат салысқан. Белгілі зерттеушілер Ш.Уалиханов, В.Радлов айтыс жанры жайында бағалы пікірлер айтқан. Өткен ғасырдың 20-30 жылдары А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедұлы, Ә.Диваев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров қатарлы белгілі адамдар елеулі еңбек еткен. Кейінгі жылдары М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Ы.Ысмайлов, М.Қаратаев, Ә.Тәжібаев, М.Ғабдуллин, Б.Кенжебаев, Р.Бердібай, М.Дүйсенов, М.Жармұхамедов, Н.Төреқұлов т.б. ғалымдар арнайы ебектер жазып, айтыс табиғатын жан-жақты қарастырған.
Қазақ еліндегі айтыс жеке ақындарға тән өнер түрі болуымен қатар, ол ең алғашқы туыс-бітімінде көптік жанр. Айтыстың әуелден кең өркендеп дамуына әркез бүкіл халық болып ат салысып келген. Халық бойындағы осы поэтикалық дарындылықты қазақтың тұңғыш ғалымы Ш.Уалиханов айрықша атап көрсеткен. Ол сахарадағы мал баққан қазақ пен арап (бәдәуи) поэзияларының өзара ұқсастықтарына үлкен мән бере отырып: “Поэзияға, әсіресе суырып салма ақындары Европалықтарға қашаннан таныс. Аравияның шетсіз шөлдері мен ондағы жұрттың баспана шатырларының бәрін де өз көзімен көрген саяхатшылардың бәрі де жартыла жалаңаш араб балаларның өздеріне қойылған сұрақтарға төрт тақтасы жатық өлеңмен мүдермей жазып жүр. Бұл монғол түркі ұрпақтарына тән қасиет десе, қазақ халқының әдеби мұраларын көп жинаған, зерттеуші ғалым В.В.Радлов: “Қырғыз өзі тектес басқа халықтардан айрықша сөз мәнерлігі ғажайып шешендік тапқырлығымен дараланып көзге түседі. Қазақтар қашан да мүдермей ерекше екпінмен сөйлейді. Тіпті ауызекі сөйлесіп отырғанның өзінде оның сөйлемі мен ой кестесі өлең жолдары мен шумақтары секілді ұйқасып, үйлесіп келтіні сонша, нағыз өлең екен деп таң қаласыз”,- деді....
Дипломдық жұмыстар
Толық
0 0

Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | Бердібек Соқпақбаев шығармаларының аударылуы

КІРІСПЕ

Қазақ елі сан-салалы өзгерістер дәуірінде тіршілік кешкен тұста шетел халықтары әдебиетінің үлгілерін қазақшаға тәржімалау және қазақшадан өзге тілдерге аудару ісін орыс тілін араға салмай-ақ жүзеге асыру өмірге еніп отыр. Бұған қарап ғылым мен әдебиеттегі, жалпы мәдениеттегі орыс елі мен қазақ елі, орыс тілі мен қазақ тілі, осы екі елдің әдебиеттері арасындағы байланыс деңгейі төмендеген екен деп ойлауға болмайды. Керісінше, бұл байланыстарды нығайта түсуді уақыт, заман талап етуде. Сан алуан мәдениет кеңістігі қалыптасқан, көп ұлтты Қазақстан жағдайында бұл байланыстардың маңызы күн санап арта түспек. Осы орайда көркем аударма мәселесі көкейтесті мәселелердің бірі ретінде көрінуде.
Біздің Қазақстанда аударманың тәжірибесі мен теориясы жайлы сөз әдетте орыс тілінен қазақ тіліне аударылу жөнінде болатын. Ал қазақ тілінен орыс тіліне аударудың мәселелері мүлде дерлік ескерілмей келді. Бұл саладағы тәжірибе теориядан әлдеқайда озып кеткен. Орыс тіліне аударылу қазіргі қазақ әдебиеті үшін ең мәнді, өміршең маңызы бар мәселе. Ал оның таңдаулы үлгілерінің жемісі бүкіләлемдік аренаға шығу жолындағы бірден-бір қақпа болып отыр.
Негізінен отызыншы жылдарда С.Мұқановтың "Мөлдір махаббат", "Азамат Азаматыч" романдарынан, кейбір жекелеген әңгімелер мен повестерден басталған аудару ісі, 1940-1950 жылдарда ерекше қарқынмен дамыды. Міне, дәл осы кезде М.Әуезовтің "Абай жолы", С.Мұқановтың " Ботагөзі", "Сырдариясы" мен "Өмір мектебінің" екі кітабы, Ғ.Мүсіреповтің "Қазақ солдаты" мен "Оянған өлкесі", Ғ.Мұстафиннің "Қарағандысы" мен "Шығанағы" сияқты қазақ әдебиетінің ең таңдаулы үлгілерінен саналатын туындылар орыс тіліне аударылып, жұртшылыққа кеңінен танымал болды. әсіресе қазақ әдебиеті мен өнерінің 1958 жылғы мәскеуде өткен онкүндігі қарсаңында көп іс тындырылды. Бұл кезде қазақ прозасының елеулі деген туындылары түгелге жуық аударылды. Бұлардың ішінде қазақ оқырмандарымен қайта табысқан с.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіровтің прозалық шығармалары да бар еді. Бұдан кейін біраз бәсеңдеген аударма ісі 1966-1969 жылдары қайта жанданды. Осы жылдары З.Шашкиннің, Х.Есенжановтың, Ә.Нұрпейісовтің, С.Шаймерденовтың, Ш.Мұртазаның т.б көрнекті жазушылардың шығармалары аударылды.
Ұлт тіліндегі туындыларды орыс тіліне аудару – өте маңызды, әрі өте қиын міндеттердің бірі. Қазақ тілінен орыс тіліне аудару кезінде аудармашылар екі тілді бірдей жақсы білетін әдеби сауатты адамдар болуы керек. Автордың өздері де әдеби аударманың жасалу процесіне араласып отыру керек. Әр автор өзінің аударылып жатқан шығармасының көркемдік, стильдік ерекшеліктерінің толық сақталуына бас-көз болған жөн.
Бар тетік осы әдеби аудармашы еңбегінің сапасына байланысты екені көпке мәлім. Мұндай аса қиын, таза шығармашылық жұмыс тек көркемсөз шеберлерінің ғана қолынан келетіні белгілі. Неге десеңіз, тәржімаланып отырған шығарманың барлық қалтарыстары мен құпиясына, ой жүйесіне, көркемдік ерекшеліктеріне тек суреткер –аудармашы ғана тереңірек бойлай алмақ. Міне, бұл ретте біз қазақ әдебиеті үлгілерін аударып келген Мәскеулік орыс жазушылары Л.Соболев, В.Шкловский, Ю.Казаков, Ю.Домбровский, А.Пантилеев т.б. аттарын сүйінішпен атай аламыз. Бізідің үздік шығармаларымыз осы аудармашылардың арқасында бүкіл жұртшылыққа кеңінен танымал болды. Сонымен қатар өздерінің қазақ қаламдастарының шығармаларын аудару саласында көп іс тындырып жүрген республикамыздағы орыс жазушылары Н.Анов, И.Шухов, А.Ананьев, В.Новиков, И.Щеголихин, В.Саввин, М.Роговой еңбектерін ескерусіз тастап кете алмаймыз.
Бір шығарманы қайта жаңартып жазып шығу деген өте ерекше жұмыс. Онда бір ғана қазақшадағы ұлттық колорит сақталып қоймайды, сонымен бірге сол қазақ прозасының шеберіне тән стильдік ерекшелігі де толық сақталуы тиіс. Мұндай негізгі стильдік ерекшеліктер деп, мәселен С.Сейфуллиннің публицистикалық, Б.Майлиннің стиліндегі детальдар шындығы, М.Әуезов шығармаларындағы кездесетін картинаның ауқымды тереңдігі мен образдылығы, С.Мұқановтың оқиғаны кең көлемде қамтитын шебер әңгімешілдігі, Ғ.Мүсіреповтің юморлы туындылары және З.Шашкин, Т.Әлімқұлов, Ә.Нұршайықов, С.Шаймерденов, Қ.Ысқақов, С.Мұратбеков тобындағы прозаиктерде кездесетін лиризм мен психологиялық толғаныстар сияқты стильдік ерекшелікті атар едік.
М.Әуезов бір кезде: "Аудармашы шығарманы аудармас бұрын оның фабулалық дамуын ғана терең түсініп, сезініп қоймай, ол автордың өзіндік стиль-ерекшелігін, қолтаңбасын ажқсы тани білуі тиіс...". Сондықтан аудармашы белгілі бір жазушының шығармаларын аударғанда өз көңіліне ұнаған туындыларды ғана аударса ұтымды болар еді. Аударма ісінде бұл көркем туындының рухын, стилін, жазу мәнерін, жете ұғу жолындағы ең тиімді, ең сыналған әдіс болып шығар еді.....
Дипломдық жұмыстар
Толық
0 0

Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | Көркем әдебиет тілінде кездесетін бейәдеби элементтер (Дөрекі сөздер одағайлар орыс тілі элементтері қарғыс сөздер)

КІРІСПЕ
Көркем сөз өнерінің небір майталмандары сөз өнерінің бастауын жалпы халықтық тіл қорынан алатындығы жаңалық емес. Жалпы халықтық тілді жаңарту, байыту, жаңа қырынан жарқырата қолдану - әрбір жазушының жеке шығармашылық жемісі. Тиесілі сөздің тетігін тауып пайдалану сөз өрнегін келісті сала білген жазушының шеберлігін танытады. Қандай да бір көркем шығарманың көркі, шұрайы сол шығарманың тілі арқылы көрінеді, тілі арқылы бағаланады.
Тіл – стильдің жаны. Әр жазушының өзіндік қалыптасқан стильдік мақамы бар. Көптеген халыққа танымал ірі қаламгерлердің үлкенді-кішілі атақты шығармаларын қолға алып үңіле түссең-ақ, кімнің шығармасы екенін айнытпай айтуға болады. Әдемі өрнек, сұлу сөзге тұнып тұрған, ұзын сонар ширатылған Әуезов сөйлемдерін, өлең жолдарындай өзара ұйқасын тауып, үйлесіп, төгіліп тұратын, артық деп бір сөзін алып тастауға көнбейтін Аймауытов сөйлемдерін, есте ұстауға ерекше икемді, әрбір кейіпкерін "өмірдің өзінен ойып алған" Майлин сөйлемдерін ешкіммен шатастыруға болмайды.
Тақырыптың өзектілігі
Көркем әдебиет тілін зерттеу – филология ғылымдарының алдында тұрған бүгінгі таңдағы қажетті міндеттердің бірі.
Көркем шығарманы талдау арқылы көркем әдебиет тілінде экспрессивтік-эмоциялық жүк көтеріп, өзіне соншалықты міндет артып тұрған сөздер мен сөз орамдары, сөйлемдердің үлкен маңызы, мәні бар екенін байқаймыз. Осындай таңдаулардың көмегі арқылы ғана жазушының сөз қолдану ерекшелігі жан-жақты ашылады. Жазушы қолданған әрбір элементтің мейлі ол әдеби нормаға жатпасын алатын орны ерекше.
"Көркем әдебиет тілінде кездесетін бейәдеби элементтер" деген тақырыптың қазақ тіл білімінде біраз зерттелгенімен, ол – монографиялық ізденіс ретінде әлі де толықтыра, айқындай түсуді қажет ететін проблема.
Көркем дүниедегі бейәдеби элементтердің стильдік қызметін зерттеу арқылы оның сыры, маңыздылығы ашыла түседі.
Зерттеу деңгейі
Қазақ көркем әдебиеті тілін зерттеуге өзіндік үлес қосқан зерттеушілеріміздің ең алдыңғысы деп Мұхтар Әуезовты айтуымызға болады. Ол сонау 50-жылдардың өзінде "Манас" жырының тілдік өрнектерін талдау арқылы бізге мол мирас қалдырған.
Қазақ көркем әдебиеті тілін зерттеуге қомақты үлес қосып келе жатқан ғалымдардың бірі – Рабиға Сыздықова. Зерттеушінің стилистикаға байланысты жазған ғылыми еңбектерінен жазушының сөз қолданысы, стиліне байланысты құнды пікірлер мен ғылыми тұжырымдарды көре аламыз.
Осындай ірі тұлғалардың ірі пікірлеріне сүйеніп, қазақ көркем әдебиет тілін зерттеуге үлес қосып жүрген зерттеушілеріміздің есімін атап өтпеуімізге болмайды. Шалабай Б, Әміров Р, Бизақов С, Сәрсеке Г, Майтанов Б т.б. осы бағыттағы ірі зерттеушілеріміз.
Зерттеудің мақсаттары мен міндеттері
Қазіргі қазақ әдебиет тіліндегі бейәдеби элементтердің қызметін көрсету. Ол мақсатқа орай мынадай міндеттерді қойдық:
Көркем әдебиет тілінде кездесетін бейәдеби элементтердің алатын орнын, маңыздылығын зерттеу;
Бейәдеби элементердің көркем шығармада қолдану мақсатын айқындау;
Көркем шығармадағы бейәдеби элементтерді маңыздылығын мысалдар арқылы дәлелдеу.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы
Осы көрсетілген міндеттерден де аңғарылуы тиіс, дегенмен нақтырақ айтсақ:
Қазақ көркем әдебиеті тілінде кездесетін бейәдеби элементтердің алатын орны, мүмкіндіктері лингвистикалық стилистика тұрғысынан көрсетілді;
Көркем шығармадағы бейәдеби элементтер нақты материалдар (мысалдар) арқылы талданды;
Дөрекі сөз, орыс тілі элементтері, қарғыс, одағай сөздер осы жұмыста кеңінен баса көрсетілді;
Аталған бейәдеби элементтердің образ жасауға қатысы нақты мысалдармен көрсетілді.
Зерттеу жұмысының көмегімен көркем әдебиет тілінде кездесетін бейәдеби элементтердің әдеби нормаға жатпаса да шығармада алатын орнының қомақты екендігі барынша дәлелденді.
Зерттеудің әдістері
Жұмыста сипаттау, жүйелеу, талдау әдістері қолданылды.
Зерттеудің теориялық және практикалық маңыздылығы
Жұмыс зерттеушіні көркем сөз сырына, сөздердің не сөз оралымдарының қолданылу заңдылықтарына қанықтыра түсуде, бейәдеби элементтердің көркем шығармадағы орнын, қызметін, мүмкіндіктерін көрсететін лингвистикалық тұрғыдан талдауда септігін тигізетін танымдар мен талдаулар.
Зерттеу жұмысының құрылымы
Жұмыс кіріспеден, 2 тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

І-ТАРАУ. БЕЙӘДЕБИ ЭЛЕМЕНТТЕРДІҢ КӨРКЕМ ШЫҒАРМАДА АЛАТЫН ОРНЫ, МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

І.1. Дөрекі сөздердің сипаттамасы

Көркем әдебиет тілін зерттеу – филология ғылымдарының алдында тұрған бүгінгі таңдағы қажетті міндеттердің бірі. Көркем туынды белгілі бір оқиғаны оқырман сезіміне әсерлі, бейнелі етіп жеткізетіні белгілі. Сол әсерлілік пен бейнелілік түрлі амал-тәсілдермен жүзеге асырылады. Шығарма тілін талдау әдеби шығарманың көркемдік әрі эстетикалық қасиетін танып-білуге көмектеседі, кейіпкерлер тілінің өзіндік болмысын анықтауға мүмкіндік туғызады және стилистиканың көптеген мәселелерін шешуге көмегін тигізеді.
Көркем әдебиет тілін зерттеу түркологияда өткен ғасырдың 50-60 жылдарынан бастап қолға алынды. Соның өзінде жекелеген жазушылардың немесе олардың белгілі бір шығармаларының тілін талдау түрінде қалыптасты. Мұндай зерттеулер әзірбайжан, татар, қырғыз, өзбек тағы басқа түркі тіл білімдерінде пайда бола бастады.
Оларда ұлттық әдебиетті дамытуға зор үлес қосқан ақын, жазушылар тілінің сөздік құрамы, грамматикалық құрылысы, бейнелеу құралдары жан-жақты талдау нысаны болды. Түркологияда осы аралықта көркем әдебиет тілі мәселесін жалпы теориялық тұрғыдан да қарастырған еңбектер жарық көрді. Және проза тіліне қарағанда, өлең тілі анағұрлым терең де жан-жақты зерттелді (24; 25; 26).
Сонымен бірге түркологияда көркем әдебиет тілін әдеби тіл дамуының тарихы тұрғысынан қарап шешу жағы басым болып, ал көркем шығарма тілін өнер тілі тұрғысынан талдап зерттеу жағы кешеуілдеңкіреп қала берді.
Көркем әдебиет тілін зерттеудің қазақ тіл біліміндегі жалпы, қазақ филологиясындағы жайына келетін болсақ, оның біршама қалыптасқан тарихы, жасалған үлгісі, жинақталған тәжірибе.....
Дипломдық жұмыстар
Толық
0 0

Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | Әріп Тәңірбергенов поэзиясындағы Абай дәстүрі

Жұмыстың құрылымы: бітіру жұмыс кіріспеден, екі тараудан, оның ішінде төрт тараушадан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Зерттеу нысаны: Әріп Тәңірбергенов поэзиясындағы Абай дәстүрінің көркемдік қырларын жан-жақты зерттеу.
Жұмыстың мақсаты мен міндеті: бітіру жұмысының негізгі мақсаты Әріп Тәңірбергенов поэзиясындағы Абай дәстүрінің көркемдік идеясының, эстетикалық қуатының, мән-маңызының алатын орнын анықтау. Кезінде әдебиеттанушылар даулы тақырыпқа айналған мәселенің бірі - Абай мектебінің төңірегі болатын. Абай мектебінің көрнекті өкілі Әріп шығармашылығындағы ұстаз өнегесі дәстүрлі мектептің айқын көрінісі іспетті. Сонымен қатар, Әріп Тәңірбергенов поэзиясындағы Абай тәлімімен қатар авторға тән жеке стильдік ізденістерді, жаңа тыныс пен тың тақырыптарды көтергені жайында сөз қозғау.
Жұмыста қолданылған дерек көздері: ғылыми-теориялық зерттеу еңбектері, диссертация, газет, журнал материалдары, көркем мәтін т.б.

КІРІСПЕ
Әріп Тәңірбергенов ақындығы, ғұламалығы жөнінде кенжелеп алсақ та, қазір ол туралы айтылып та, жазылып та жүр, бұл жағынан жұртшылыққа біршама танымал деп айтуымызға әбден болады. Жан-жақты білімді, көп оқыған кемел ақын Әріп Тәңірбергенов артына мол мұра қалдырды. Өкінішке орай, олар Қасым ақын айтқандай, «арбасқан алақұйын заманалардың» салдарынан бізге толық жетіп отырған жоқ /1,18/. Мұны зерттеуші Қ. Мұхамедханұлы да қадап айтады. Оқырман қауым Әріп өлеңдерімен алғаш рет 1969 жылы «Жазушы» баспасынан «Ұмытпаңыздар мені» деген атпен шыққан шағын жинағы арқылы хабардар болса, екінші рет 1995 жылы Қайымның «Абайдың ақын шәкірттері» атты зерттеу еңбегі жарық көргеннен кейін ғана кеңірек танысуға толық мүмкіндік алды /1,23/.
Өйткені ол ақ патша өкімдерінің әңгір таяғымен азап шеккен қазақ ауылының тіршілік-тынысы ғана емес, оның экономикалық, саяси-әлеуметтік проблемаларын да жақсы білді. Халықтың зорлық-зомбылықтан, озбырлық-заңсыздықтан күйзелген шаруашылығын, титықтаған тұрмысын, аянышты ахуалын да көрді, оның неліктен бұлай болып отырғанын әшкерелеп, оны жөндеу жөнінде өз ой-пікірлерін, өз байлауын ортаға салды. Сондықтан да оқырман қауым оның үніне үнемі құлақ түріп отырды /2,65/.
Әріп ақын қазақ елінің мәдениеті мешеу, тарихы белгісіз «бұратана» ел атануына намыстана қарады. Әсіресе, қазан төңкерісі алдындағы «қазақ халқын тарихқа кірмейтін жабайы халық» деп есептеген шовинистік пиғылдағы пікірлер де намысына тиді. Ол оның халқымыз, ел-жер тарихын білмегендіктен екенін аңғарды. Ұлы ұстазы Абайдың дүниетанымы мен көмегі оған халқымыздың тарихы мен мәдениетін зерделеп оқуға жөн сілтеді. Әріп өзге халықтардың ғылым, біліміне кітап арқылы саяхат жасап білім іздейді. Ол арабша, парсыша, орысша, қытайша, түркі халықтарының тілінде жазылған трактаттарды, діни кітаптарды оқи білді. Өткен тарихымызға деген қызығушылық, орыстың ғылыми еңбектері ғана емес, әлем әдебиеті мен ғылымына жетеледі. Халық ауыз әдебиетінің қайнарынан мол сусындап, батыс-шығыс елдерінің әдебиеті мен мәдениеті мен мұндалап тартты. Елінің тарихы және мәдени мұраларына деген сүйіспеншілігі өмірінің соңғы сағатына дейін сақталды /3,54/.
Жұмыс тақырыбының өзектілігі.
Әріп шығармашылығындағы жанр ерекшелігі сан алуан. Оның шығармаларындағы дүниетаным, көзқарас – сол заманның келбетін сипаттайтын, ел тарихы мен дәстүріне терең үңіле, айшықты жазылған, бірде эстетикалық, бірде діни-философиялық және этнотарихи, қоғамдық пікір-таласқа қызу араласатын сан алуан тақырыпты қамтып, мұның өзі сан алуан ғылым саласына қосар үлесі бар бай қазына десе де болады.....
Дипломдық жұмыстар
Толық
0 0

Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | Асқар Сүлейменов шығармашылығы

Кіріспе

Тақырыптың өзектілігі: Әдебиетке XX ғасырдың екінші жартысында келген, "алпысыншы жылғылар" деп аталып жүрген әдеби буын төл әдебиетіміздегі елеулі құбылыс болып табылады. Оны зерттеп саралаудың маңызы зор дер едік. Бұл бағытта алғашқы қадамдар жасалып жатыр деуге болады. Оған дәлел ретіңде сол кезеңдегі әдеби процесс мәселелерін зерттеу нысанына айналдырған А.Ісімақова, Ө. Көзбеков, Қ. Әбдезұлы, С. Асылбекұлы т.б. зерттеу жұмыстарын айтып өтуге болады. Асқар Сүлейменов - XX ғасырдың екінші жартысыңдағы әдеби толқынға қатысты тұлға. Бұл толқынға жататын тұлғалар: І.Есенберлин, Ә.Нұршайықов, М.Мақатаев, Ш.Мұртаза, О.Сүлейменов, Ә.Кекілбай, М.Мағауин, М.Шаханов сынды суреткерлер. Мұндағы әрбір есімнің әдеби құбылысқа айналғаны - ешкім жоққа шығармас шындық. XX ғасырдың екінші жартысындағы әдеби кезеңнің төл перзенті болып табылар А.Сүлейменовтің шығармашылығын саралау - осы кезеңдегі әдеби процесті түсініп игеруге жол ашар іргелі қадам.
Осындай қажеттіліктен барып біз, А. Сүлейменов шығармашылығын зерттеу нысанына айналдырдық. Жұмыста негізінен жазушы шығармашылығындағы үш салаға көңіл бөлінеді. Олар: көркем проза, драматургия және сын. Осы үш сала бойынша жазушы шығармашылығының жанрлық ерекшеліктері сараланады.
Жұмыстың мақсаты мен міндеті:
А.Сүлейменовтың өмірі мен шығармашылығын жан-жақты талдау, көркемдік қырларын ашу. Жазушы өз шығармашылығында қандай көркемдік ерекшеліктерге ден қойды. Олардың шығу түп төркінін анықтау – жұмыстың басты мақсат-міндеті.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеу жұмысының мақсаты - жазушы А.Сүлейменов шығармашылығының көркемдік ізденіс қырларын ашып көрсетіп, идеялық-көркемдік тұрғыдан саралау.
Осы орайдағы зерттеу мақсатынан мынадай міңдеттер шоғыры келіп туындайды:
1. Жазушының шығармашылығына тұтас көркемдік талдау жасау.
2. Суреткер шығармашылығының даму кезеңдерін анықтау.
3. Тақырыптың бұған дейіші зерттелу деңгейін анықтау үшін жазушы шығармашылығы жайлы мәліметтерді жинақтап, саралау.
4. 60 жылдардағы әдеби ағым ауқымында А.Сүлейменов шығармашылығының ерекшелігін айқындай түсу.
5. Жазушы стилінің қалыптасуына әсер еткен әдеби зандылықтарды анықтау.
6. Жазушы Асқар Сүлейменов шығармашылығы көркемдік тұрғыдан тұтас нысанаға айналып отыр.
7. Шығармашылық кезеңдерге шолу, «Адасқақ», «Қара шал» әңгімелер циклы, «Шашылып түскен тіркестер», «Эписталярлық хаттары» атты философиялық ой-толғамдары көркемдік идеялық тұрғыдан сараланды.
Зерттеу әдісі:Аталған зерттеу жұмыстары «60-шы жылғылар», 90-шы жылдардағы әдеби процесс секілді әдеби құбылыстар кешенді түрде слыстыру әдісі пайдаланылды.
Ғылыми жаңалығы:Жазушы шығармашылығы жөнінде алпысыншы жылдардың өзінде байсалды пікір қалыптасты. А. Сүлейменов көркемдік танымы туралы түрлі көзқарастар сол жылдарда қалыптаса бастағандығы нақты деректер келтіру арқылы зерттелді.
Құрылымы: жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Кіріспеде зерттеу жұмысының тақырыбының өзектілігі, зерттеудің мақсаты мен міндеттері, ғылыми жаңалығы, қорғауға ұсынылган тұжырымдар, жұмыстың теориялық - практикалық маңызы айтылады.....
Дипломдық жұмыстар
Толық
0 0