Реферат: Музыка | Домбыра дамуы жанрлары

Ұсынылмақ кітапты жазуды қолға алғандағы мақсатым – қазақтың шертпе күй өнерінің мектептері туралы А.Жұбанов, Уәли Бекенов, Ақселеу Сейдімбек сияқты ғалымдар айқындап кеткен зерттеулерді қазіргі күйшілікті кәсіби оқыту бағдарламасына мүмкіндігінше қоғамдап енгізу екенін ашық айту. Себебі, аталған ғалымдардың күйшілік үрдісті жаңа заманда жаңғырту жайлы жазған еңбектері қашанда маңызды, арнайы білім ошақтарындағы оқыту ісі мен дәстүрдің арасындағы алшақтықтың бар екенін қадап айтқан Ақселеу ағамыз домбыра методологиясына этнопедагогикалық салт қағидаларын төтенше енгізуді ұсынған болатын, зерттеушінің ойынша байырғы домбырашылықты қайта тірілтудің жолы түпнұсқалық күй мақамы мен оның жазбасын қолға алудан басталмақ. Бұл мәселенің оқу орындарына қозғау салғанын әрі нәтижелі ғылыми тұжырым болғанын уақыт көрсетіп отыр.
Шертпе өнерінің ежелгі сарыны ұлтымыздың санасынан өшпеу үшін тер төгіп, арда күйдің мың толғауын біздің қолымызға аманаттаған - Әбікен, Сүгір, Аққыз, Мағауия, Төлеген, Генерал, Боранқұл, Тайыр, Бағаналы сияқты саңлақтардың аты алашпен бірге мәңгі жасамақ. Шертпе ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді, алдыңғы буын ағалардың ізін Мұхамеджан, Дәулетбек, Таласбек, Білал, Секен, Рымхан, Мұқаштар жалғастырды, олардың артынан Базаралы, Саян, Сәрсенғали, Қайраттар келеді, әр қайсысы да шертпе күйдің дамуына хал-қадарынша еңбек етіп жүр. Қазақ елінің шығысында салтанат құрған қоңыр күйдің болашағына кезінде алаңдаушылық болғаны рас, қазір сол кезеңдердегідей көңілдің күптілігі мүлде жоқ екенін айту парыз, себебі күйдің насихаты жақсы жолға қойылған, конкурстар мен концерттерде мектеби шектеулік жоқ, домбыра мамандығы бойынша оқу бағдарламаларында міндетті репертуар ретінде кіріктірілген. Алайда, күйдің түпнұсқалық орындаушылығы мен оның нотаға түсірілуі әлі де көп жұмыстар атқаруды керек етеді. Күйдегі ноталық жазбаның қазақы сөздегі тоникалық һәм силлабикалық буындарға сәйкес болуы жөнінде қазақ ғалымдары тарапынан жүйелі сөздер айтылып келеді, сол талаптарға сай осы жинақтағы күйлерді жазу барысында саздың ішіндегі сөзге тәуелді буындарды такт арқылы бөлуді басты бағыт етіп алуға тырыстым.
Біршама күйлер алғаш жарияланып отыр, қырғыз қомузының күйлерін домбыраға қотару ісі де кейінгі кезде айтылып жүрген түркілік мәдени тұтастық түбірінен туындады, болашақта қырғыз, өзбек, татар, әзірбайжан саздары қазаққа ортақ мүлік болары даусыз, әзірге жақын туысымыз қырғыздың шертпесі соның бастамасы болсын.
Күй ноталары оқыту тәжірибесінен өткен, емтихандар мен конкурстарда орындалған, әуенін жазбамен салыстыру үшін дыбыстық таспалар мен күйтабақтар тізімі кітаптың соңында келтірілген. Оқырманға тағзым. ....
Рефераттар
Толық
0 0