Өлең: 8 Наурыз - Халықаралық әйелдер күні

Өлең: 8 Наурыз - Халықаралық әйелдер күні


Құлайын деп бара жатам құлдырап,
Көңілім жүдеп, көзім алды бұлдырап,
Сол кезде бір ән естимін жақыннан,
Аққан бұлақ секілденген сылдырап.
Есім жиып, өз бойымды тік ұстап,
Тіршіліктің әуенімен тыныстап,
Сергимін де, сезім гүлін құлпыртам,
Кел дегендей болады бір күміс бақ..
Сөндім-ау деп, өлдім-ау деп ышқынып,
Қалған кезде бойымдағы күш бұғып,
Сөнбейсің деп дауыстайды анашым,
Мен орнымнан жығыламын үш тұрып.
Ойнап шығам содан кейін құрақтай,
Жарқылдаймын жүрегімді жылатпай,
Мүмкін,мүмкін ана махаббаты шығар бұл,
Мені сүйеп келе жатқан құлатпай.



Әлемнің жарығын,
Сыйладың сен маған.
Даланың әр гүлін,
Жинадың сен маған.

Сен берген құстардың
Қанатын самғаған
Балалық құштарым
Өзіңе арналған.

Әлдилеп, аялап,
Өсірген жемісің.
Самал жел, сая бақ,
Құшағың мен үшін.

Есейіп кетсем де,
Мен саған сәбимін.
Көңіліңді көктемдей,
Көзіңнен танимын.

Өтеуге борышын
Анашым, жан сырым.
Іздедім сен үшін,
Әлемнің асылын.

Әлемнің байлығын,
Сыйлар ем, кеш мені.
Сыйлар ем ай- күнін,
Қолыма түспеді.

Ете гөр қанағат,
Әзірге берерім.
Балалық махаббат
Балалық жүрегім.

Бол риза, анашым,
Қолдағы осы бар.
Өзіңе арнаған
Әнімді қосып ал.



Асыл әжем, ғасыр әжем аңсаған,
Сағынышым - сары ормандай самсаған.
Әке болып жүргенімді ұмытып,
Әлі күнге еркелеймін мен саған.

Құлындаймын асыр салған аңғарда,
Қозыңдаймын ойнақтаған албарда.
Өзің барда қысылмаймын күлуге,
Жылауға да қысылмаймын сен барда.

Мен өзіңнен қабылдаппын сүюді,
Мен өзіңнен қабылдаппын күюді.
Сенің жаның жүрегіме ораулы,
Менің жаным жаулығыңа түюлі.

Тұра тұршы түзелгенше бұзығың,
Жүре тұршы жалғанғанда үзігің.
Маған дәулет неге керек, ақ әже-ау,
Өзің бірге көре алмасаң қызығын?!



Әйелдер-ай!
Әйелдер-ай!
Қандайсың?!
Әдемі боп кетіпсің ғой әрқайсың.
Біреу жеріп тұрса-дағы қалмайсың,
Біреу сүйіп тұрса-дағы бармайсың.
Әйелдер-ай!
Әйелдер-ай, қандайсың?!

Әйелдер-ай!
Әйәйлар-ай, қулар-ай,
Жанарлардың жауын алып тұрғаны-ай!
Біле тұра бүйректерің бүлк етіп,
Кетесіңдер тыңдай тұра, тыңдамай.
Әйелдер-ай!
Әйәйлар-ай, қулар-ай!

...Әйелдерді еркектерден көп дейді.
Ойбай,
Ойбай!..
Бола берсін көп, мейлі!
Әйел деген әдемі ғой, әдемі,
Әдемілік бізге көптік етпейді...



Қай жерде, мейлі, қай елде,
Әлемнің мәні - әйелде.
Мықтымын десең ойыңды,
Әйелге барып дәлелде.

Әйелсіз айтпан әнді мен,
Әйелмен дәмді әңгімем.
Сүйкімді болсаң шынымен,
Әйелің сүйсін алдымен.

Әйелге мәлім көп сырың,
Сүрінсең - әйел деп сүрін.
Халыққа сыйлы болмайсың,
Әйелге болсаң жексұрын.

Әйелсіз қонды бақ қашан,
Әйел деп түстік отқа сан.
Әлемнің тілін таппайсың,
Әйелдің тілін таппасаң!

Ананың сорып емшегін,
Басылған талай келсегің.
Бәдік боп өмір кешесің,
Бермесе әйел женьшенін.

Болмасын әйел назалы,
Болмасын әйел жазалы.
Кеудесін қаққан талайдың,
Әйелден болған ажалы!

Әйелден ыстық от бар ма?
Әйел деп түстік көкпарға.
Қарғағың келсе біреуді,
Әйелің өлсін деп қарға.

Әйелмен құның өлшенер,
Құдайдан кейін сол - шебер.
Бақытты сен де болмайсың,
Әйелің сорлы болса егер.

Сырыңды соған ашасың,
Шөліңді содан басасың.
Адамның күні - Әйелмен,
Әйелдер мәңгі жасасын!
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
анашым олен, анашым олен ана өлең, 8 наурыз өлеңдер, 8 наурызға өлеңдер, 8 наурыз өлең жолдары, 8 наурыз өлеңдері, ана туралы өлең жолдары, ана туралы өлең сөздері, стихи на казахском языке про маму, стихи на казахском языке 8 марта, стихотворения на казахском языке на 8 марта, стихи маме на 8 марта на казахском языке, Әже туралы ән Қадыр Мырзалиев, Ана туралы жыр Ғафу Қайырбеков, Ана Тұманбай Молдағалиев, Әйелдер-ай мақатаев Мұқағали, Әйел Жүрсін ЕРМАН

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]