Қолқа демікпесі (астма)


Қолқа демікпесі — бронхтардың әртүрлі тітіркендіргіштерге сезімталдығының күшеюімен жүретін, олардың жалпылама ұстамалы обструкциясымен білінетін тыныс жолдарының созылмалы қабыну сырқаты.

Грекше «астма» — ауыр тыныс, тұншығу дегенді білдіреді. Созылмалы қабыну қайталанып отыратын ысқырықты сырыл, ентігу, әсіресе түнде және таң ата кеудедегі қысылу сезімі мен жөтелге әкелетін тыныс жолдарының жоғары сезімталдығынан туындайды. Ем нәтижесінде немесе өздігінен қайтатын бұл эпизодтар әдетте жайылған, бірақ өзінің айқындылығын өзгертіп тұратын бронхтардың түйілуіне байланысты болады.

Қолқа демікпесі сыртқы және ішкі факторлардың қатысуымен, көбіне экологиялық бұзылыстар салдарынан дамиды. Ол негізгі екі түрге бөлінеді: инфекциялық емес — аллергиялық (атопиялық) және инфекциялық — аллергиялық.

Пайда болуына әсер ететін факторлар
Қолқа демікпесінің пайда болуына әсер ететін факторлар: тұқымқуалаушылық, яғни науқастың туыстарының астмамен немесе басқа аллергологиялық аурулармен (аллергиялық ринитпен, атопиялық дерматитпен) ауыруы; климаттық, атап айтқанда ылғалдылығы жоғары жерлерде бұл сырқаттың дамуы 93, 8%- да кездеседі; маусымдық, кейбір науқастар жоғары температураға сезімтал болғандықтан ауру қыс және жаз мезгілдерінде өршиді. Кейбір науқастарда белгілі бір өсімдіктердің гүл ашу кезеңімен байланысты дамиды; үй шаңы — ересектер арасындағы атопиялық қолқа демікпесінің ең жиі кездесетін себебі. Қолқа демікпесінің белгілері: жөтел немесе ентігудің, тұншығудың кезекті ұстамалары; ысқырықты сырылдардың пайда болуы; жөтел мен кеуде қуысына ауыр салмақ түскендей сезім.

Клиникалық белгісі
Қолқа демікпесінің маңызды клиникалық белгісі: белгілердің өздігінен немесе бронх кеңейткіш дәрмектерді және қабынуға қарсы дәрілерді қолданғанда жойылуы. Жиі салқын және ылғал ауамен немесе аллергенмен, физикалық күштемемен, әртүрлі иістермен, жылаумен, күлумен немесе вирусты инфекциямен шақырылатын қайта өршулер, және де белгілердің маусымдық өзгермелілігі мен науқаста немесе оның туыстарында осыған ұқсас аурулардың болуы.

Қолқа демікпесі екі кезеңге бөлінеді: өршу және ремиссия (басылу).

Ауырлық дәрежесі
Ауырлық дәрежесін келесі белгілер бойынша бағалайды: бір аптадағы түнгі ұстаманың саны; апталық және тәуліктік тұншығу ұстамасының күндізгі саны; тәулік бойына қысқа әсерлі β2 - агонистерді қолданудың қажеттілігі; физикалық белсенділік пен ұйқы бұзылысының айқындылығы; өршу кезеңінде сыртқы тыныс алу қызметі көрсеткішінің өзгеруі, ал ремиссия кезінде өзгерістің болмауы; сыртқы тыныс қызметінің тәуліктік өзгермелілігі.

Емі
Қолқа демікпесінің емінде негізінен дәрілердің екі тобы қолданылады. Олар: бронхтардың түйілуін азайтатын оронходилататорлар және олардың қызаруын азайтатын қабынуға қарсы дәрілер. Бірақ соңғысы кенет дамыған демікпе ұстамасын жоя алмайды.

Жоғарыда аталған емнен нәтиже болмаған жағдайда, қабынуға қарсы дәрмектер ретінде глюкокортикоидтар (преднизалон) және де бірінші кезекте ингаляциялық түрлері қолданылады: беклометазон; моментазон; будесонид; флутиказон; флунизолин т. б.

Антихолинергиялық дәрілер: олардың ішінде атропин және оның туындылары, атровент, травентол, оксивент, вентилат т. б. бронх бұлшық еттерінің жиырылуына және кілегейдің көп түзілуіне әкелетін арнайы нерв талшықтарынан бөлінетін аиетилхолиннің әсерін тежейді, 30 - 90 минуттан соң әсер етеді. Бірақ бұл дәрілердің ауыздың құрғауы секілді жанама әсері бар. Ал бұл өз кезегінде демікпе ұстамасын күшейтуі мүмкін. Осы топтың жанама әсері аздау дәрілеріне — ипратропиум бромиді (атровент) жатады.

Ш. Әбенова пульмонолог дәрігер
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]