Қазақша әңгіме: Оралхан Бөкей (Қар қызы)

Қазақша әңгіме: Оралхан Бөкей (Қар қызы)

"Алтай өңіріне алпыс жылдан бері дәл осындай қалың қар жауғанын көрген жоқпыз", – деседі қариялар.

Расында да, бас көтертпей жауғаны соншама, есіктің алды, қораның маңындағы қарды тазалап үлгере алмайсың, Ауыл-үйдің арасына күреп жалғыз аяқ жол салудың өзі азабы мол жұмыс. Кейбір салақ кісілердің бел ағашы борсыған мал қамайтын қоралары сыр беріп алды – топ етіп төбесі ойылып түсіп жатыр. Күннің көзі жылт етіп ашыла қалса, аппақ қардың астында бүк түсіп, қаздың жұмыртқасыңдай томпайып-томпайып тілсіз жатқан үйлерді, сол үйлердің қар кептелген мұржасынан жұлындай көтеріліп, жуастау будақтаған түтінді көріп, бұл ауылдың адамдары қарға тұншығып өліп қалмағанына тәуба жасайсыз.

Төрт түлік тебін жоқ, омалып қорада тұр. Тебінге шығарғанды қойып, суатқа апара алмай әуре-сарсаңда жүр.

Міне, ұрланып басталып жапалақтай жауған қар мәңгілік сабырмен аспан астын түгел жаулап алған. Аспан деп, баяғы ұғыммен айтамыз, әйтпесе аспан жоқ, мың-миллион — сансыз қар көбелектер ғана бір-бірін қуа жарысып, ойына келгенін істейді. Осыншалық ғажап, құлаққа қорғасын құйғандай тыныштықты Нұржан бұрын көрмеп еді. „Дүниеде қар жауған сәттегідей бейбіт те тыныш өмір бар ма екен,— деп ойлады жүзін аспанға қарата. Жыбыр-жыбыр қалықтаған қар жапалақтар бетіне асықпай келіп қонып, жылбысқалана еріп, суға айналып бетін айғыздап аға жөнеледі. Ептеп қытықтай ма-ау...

Өр Алтайды жайлаған үш жылғы құрғақшылықтың есесін осынау ес жидырмай жауған қар қайтаратындай. Төпелеп жауған қар алғашында, қызық әрі әдемі болып көрінген. Аққала жасап, асыр салып ойнаған балалар, ұлпа мамыққа аунап жетіскен ауылдың қайқы құйрық иттері әсіресе мәз еді. Үлкендер жағы да келесі жаздың жаңбырлы, рысты жыл боларын сәуегейлеп, аса риза пейілде-тін. Амал не, сағынып көріскен қардың аяғы, үлкен жұтқа айналмаса неғылсын: елді де, жан-жануарды да әбден зықысын шығарып, мезі еткені рас еді. Борап, ұйтқып соғар тентек мінез де танытпай, үн-түнсіз жауып алғаны ауыр екен: бірде ұйқың келеді, бірде өз-өзіңнен жер тепкілеп айғайлағың келеді — сезімің селт етпейтін сергелдең күй кешесің, әйтеуір, басынан кене шаққан адамдай мең-зең, өз алдына лағып, бұйығы тартқан біреулер.

Жапалақтап жауған қардан қорғалап үйінде отыра берсе де болушы еді, оған дәті шыдамады білем. Есіктен шыға делдиіп көкке қараған Нұржан, тізеден асқан қарды омбылап, кеңсеге қарай тұңғыш рет із салды. Өзінен басқаның бәрі қырылып қалғандай болып сезілген, сөйтсе совхоздың кеңсесі бос емес. Упрай бастаған үш-төрт адам карта ойнап отыр екен. Қуанып қалды.

— Хал қалай, бала?— деді езуіндегі темекінің сабақ жағын үзіп алып, түкіріп тастаған бастық.

— Далада қар жауып тұр,— деді Нұржан.

— Қар бес күннен бері жауып тұр.— Упрай қолындағы қарғаның мәткесін былғарысы жылтыраған столдың үстіне періп қалды.— Қане сен де бір картаңды аш,— деді содан соң, қарсы алдындағы қара жігітке. Ол осы ауылдың ақшасын есептейтін бухгалтер еді.

— Мінекейіңіз, басеке, біздікі валет.

— Түсінікті. Ар жағын ашпай-ақ қой, жарқыным. Көп болса тағы екі валетің бар шығар. Біздікі — үш дама. Тринка заңында үш еркекті әрқашанда үш қатын жеңеді,— деп тозығы жеткен столдың үстіндегі ақшаны сыпырып, қалтасына салды.— Жүр, бала, сенде жұмыс бар.

Нұржан бөлімше меңгерушісіне еріп қарсыдағы кабинетке кірген. Упрай төрдегі меншікті орнына нығыздана отырды да:— Өмірде де солай,— деді.

— Түсінбедім,— деді Нұржан қабырғаға қатарлай тізген май-май кір орындықтың біріне сықырлата жайғасып.

— Үш валетті үш дама әрқашанда, тіпті үйде де жеңе беретінін айтамын да.

— Оныңыз рас.

— Оны қайдан білесің? Әлі қатын алған жоқсың.

— Сіздерді көріп те...

— Жә, шаруаға көшелік,— деп, жігіттің сөзін аяқтатпады.— Ал, бала, жолға жинал. Сен баратын болдың.— Темекісін тұтатты да, шырпысын сөндірместен шертіп жіберген. Мұншама дәл болар ма, қағаз қоқым салатын шелектің ішіне сөнбей түсіп, лап етіп жана бастады. Нұржан сөндірмекке тұра ұмтылып еді:— Тиме,— деді Упрай маңғаз үнмен.— Жана берсін.

— Өртеніп кетерміз, аға.

— Өртеніп кетсек арман не... Кеңірдектен жауған қардың ортасынан өрт шықса, әлемге әйгілі жаңалық болмас па еді... Сонымен...

— Сонымен, аға...

— Жаныңа тағы да екі жігітті тандап ал да, ертең ерте аттанып кет. Өзің қалдырып кеткен сыбаға ғой, енді өзің алып кел.

— Айыртау менен басқа жұртты қабылдамай ма екен... Күздің сылбыраңында табанымнан таусылғаным да жетер, келісімімді бере алмаймын.

— Ол жағын біз... сізден сұрамаймыз да, шырақ... Давай, тілің мен жағыңа сүйене бермей сапарға дайындал. Өз тракторыңа көңілің көншімесе, осы ауылдағы он ДТ-ның көңілге жаққанын таңдап ал, пожалыста, қолыңнан қақпаймыз.— Бұдан соң өзі ұзақ булығып жөтелді.— Апырай, осы бір көксаулық итше еріп арылмады-ау. Тамағымды жыбырлатады да тұрады.

— Май ерітіп ішіңіз,— деді Нұржан.

— Ендеше, сол жеңешеңнің ерітіп қойған майы суып қалар, мен кеттім, Жолдарың болсын.

Орнынан асыға тұрып есікке беттей бергенде, әлгінде ғана кәперсіз отырған жас жігіттің жан даусы шықты:— Ағасы, оу, ағасы! Бір минут аялдай тұрыңызшы!

Упрай қол сағатына шапшаң қарады да:

— Тағы не?— деп сұрады шаршаңқы үнмен.— Үздік-создық қылмай айтарыңды сразы айт, әкри.

— Мен бармаймын,— Упрай түсінбей қалды ма:

— Қайда?— деді.

— Айыртауға шөп әкелуге... басқаларды жіберіңіз. Жорғаның арқасы құрғамайды деп, немене осы қымс етсе менен көре қаласыздар. Бұл ауылдағы тракторист жалғыз мені бе екенмін, қазір екінің бірі міне шабады.

— Ондай болса, жақсы.— Басын ұстап сәл ойланып тұрды да асықпай барып „тағына" отырды. Аса сабырлылықпен жан қалтасына қол салды, шылым алып тұтатты. Лапылдап жанған сіріңке шиін әрі-бері аунатып отырды да, әдетінше шертіп қалды. Бірақ осы ретте бұрыштағы шелекке жетпей-ақ сөніп қалған. Содан соң темекісін рақаттана сорды, түтінін мүлдем жұтып қойды да, қайтара шығармаған қалпы столды алақанымен салып қалып, айғайды сала ұшып тұрды. Тек осы сәтте ғана апандай аузынан түтін бұрқ етіп атылды.

— Ойбай-ау, мынау не деген мылжың еді-әй, әкри... дүзге отырып-отырып, аяқтамай айнып тұрып кетер бәдік екен-ау. Сен екінің бір емессің, шырақ. Сен... мұқым ауданның маңдай алды механизаторысың, білдің бе?!

— Білдім, ағасы, білдім. Бірақ...

— Бірақты қоя тұр, шырақ. Нені білдің?..

— Айыртауға мені жібермейтініңізді. Өйткені ондай қауіпті жерге „маңдай алды" адамды айдамайды.

— Тфу, енеңді... Не деген көк ми едің.— Ерніндегі темекінің сабағын тістеп, үзіп алды да түкіріп тастады. Бұл — бөлімше басқарушысының ашуланғандағы әдеті еді. Маңайында ақ жоңқасы шығып жатқан папиростың түкірінділеріне қарап, Упрайдың бір күнде неше рет ашуланғанын санап алуға болушы еді. Ала көлеңкелеу бөлмеде екеуі де біраз үнсіз, тым-тырыс отырып қалды. Аядай терезеден сыртқа үңілсеңіз, жапалақтап жауған қарды ғана көресіз. Басқа дүние — қараң, анда-санда қарсыдағы бухгалтерия бөлмесінен ауыл азаматтарының әлденеге мәз, қарқылдап күлгені естіледі. Неге екені белгісіз, Упрай аяқ астынанжуаси қалды. Нұржан осы кісінің қылтқып, қысқа күнде қырық рет өзгерер мінезіне таң.

— Аға,— деді Нұржан қоңыр дауыспен.— Сіз бір нәрсені байқайсыз ба? Мәселен, физикада мынадай заң бар.— Упрайдың алдынан бір бет ақ қағаз және қызыл қарындаш алып жаза баста-ды.— Яғни заттың еркін түсу үдеуі оның массасына тіпті де байланысты емес. Мінеки, формуласы. Қараңыз.

Ғ-А

— Оны несіне арам тер болып айтасың. Енді елуден асқанда оқу қонбайды маған. Менің өмір туралы өз формулам бар. Ол — адамның қызмет істеп өсуі, тіпті де оның қабілетіне байланысты емес. Міне, формуласы.— Нұржан ұсынған қағазға ол да жазды.— Яғни управляющий тең — бүкіл ауылға...

У-А

Нұржан еріксіз күліп жіберді. Күліп жіберді де:— Демек, ағасы, сау желіп тұрған техникамен Айыртаудан пішен алып келу, тіпті де трактористердің „маңдай алды" механизаторлығына байланысты емес. Кез келгенінің қолынан келер шаруа бұл.

— Сен осы, кімнен тудың, әкри?

— Сізден емес, әрине.

— Оны өзім де білемін... Давай сыңар езулемей жол қамына кіріс. Атаң қазақта „Көп сөз — боқ сөз" деген мәтел барын білесің.

— Атамыз қазақта „Ақыл адамға жас кезінде емес, қартайғанда керек" деген сөз және бар.

— Атамыз қазақ тілімен орақ орған ел ғой, айтса — айтқан да шығар.— Орнынан тұрып кетуге ыңғайланып еді.

— Оу, ағасы,— деп Нұржан қоса қимылдады.

— Не болды? Есіңе тағы бір формула түсті ме?

— Егер бір дене екінші денеге қандай күшпен әсер етсе... Жә, қойшы, бәрібір ұқпайсыз. Айыртауға менен басқа біреуді жіберіңіз.

— Сен де сондай кері күшпен әсер етіп отыр екенсің ғой! Он жылдық білімің бар, өзің ауылға есепшілікке де жарамай жүрсің. Ал мен болсам халқымды жиырма жылдан бері бес-ақ класс біліммен басқарып келемін.

— Ал сіз,— деді Нұржан жайбарақат жауап беріп,— Герон формуласын, Ньютонның бүкіл әлемдік тартылыс заңын, қос мекенділер класын, бақа-шаянның іш құрылысын, Абай, Жамбыл, Мұхтарлардың өмірбаян, өлең-шығармаларын, Уругвай, Парагвай деген елдердің қай жерде орналасқанын, тіпті жер шарында неше мұхит, неше құрлық барын...

— Жетті, жетті...— деп екі құлағын басты Упрай.— Ньютон деген шалдың басына алма құлап, шошып оянғанын білмейді дейсің бе? Бұрұндайда үлкен қызым турады, алдыңғы жылы барып қайтқанмын.

Нұржан ішегін басып ұзақ күлді. Қар тынымсыз жауып тұр. Қарсы бөлме — қарқ-қарқ күліп жатыр.

Упрай бұдан соң күлкісін тыя алмай отырған Нұржанға ақыл үйрете бастады.— Давай, сен, шырақ, күлкіні доғар, әкри. Зато, мен шаруашылықты білемін, соғысқа барып сендей саудайыларды қорғағанымды білемін, қысқасы — сенің Айыртауға аттанып, күзден қалған шөпті алып келеріңді білемін!

— Соғыста мен де болғанмын, аға,— деді Нұржан.

— Кепкеніңнің басы.

— Иә, рас айтамын. Шекарада служит еттім. Соғыстан айырмашылығы — атыспағанымыз, атысуға жібермегеніміз ғана... Отанды оқ атпай күзету, анау-мынау соғыстан әлдеқайда қиын. Өйткені жау көзге көрініп тұрған жоқ. Сіздер секілді „уралап", тисе терекке, тимесе бұтаққа деп, теріс қарап, көзді жұмып оқ жаудыра берген жоқпыз...

— Осы күнгі жастар нашарлап, тұқымымыз азып барады,— деп қолын бір-ақ сілтеді Упрай.

— Тұқымның азуы сортына байланысты ғой, аға...

Сөзден тосылды ма, әлдебір нәрсе ойына түсті ме, басқарушы терезеден тысқа көз салып, ойланып отырып қалды. Қар тіпті үдей түскен секілді. Адамды жындандырып жіберетіндей тыныштық орнап еді, оның өзі ұзаққа бармады.

— Иә-ә, біз не көрмедік,— деді ауыл ағасы терең күрсініп. Қара көлеңкелеу бөлмеде қара торы жүзі одан әрі қабарып, түтігіп отырғандай.— Не көрмедік. Енді міне, саудың тамағын ішіп, аурудың сөзін сөйлеген ұрпақпен ұрыссып, жүз жылға бір-ақ қартайғанымыз. Ішкендері — алдында, ішпегендері — артында, көйлек — көк, тамақ — тоқ.

— Таусылмаңызшы, аға, мен-ақ барайын.

— Е, бәсе,— деп қарқ ете қалды Упрай.—"Абыройлы комсомол" деп аудандық газетке бекер жазбаған екен. Алғашында осы қиқар жігіттің қай жері абыройлы, деп нәумезденіп жүр едім, ол ойым бекер болып шықты.

— Одан да сол газетіңіздің жазбай-ақ қойғаны жақсы еді. Менің фамилиямды жазып, қыздың суретін басып құдай ұрыпты.

— Мен өзіңнің суретің шығар-ау дегенмін. Осы күні қыз бен жігітті айыру қиын болып кетті ғой. Шаштары желкесін жауып, шалбар киген албастылар.— Булығып келген жөтелін тамағын кенеп басты.

— Жеңешемнің ерітіп қойған майы суып қалар, тоқ етеріне көшелік, аға. Сізге қояр үш шартым бар.

— Айт, айта ғой, шырақ. Қасқалдақтың қаны, адамның жаны емес шығар.— Орнынан тұрып, Нұржанның қасына келді.

— Біріншіден, көмекшілікке Аманжанды аламын. Ол — өте сенімді де мықты жігіт.

— Ой, құдай-ай,— Упрай қарқ етіп күліп жіберді. Содан соң Нұржанның арқасынан қақты.— Әкет, әкет сол итаяқ ауыз сойқанды. Ішкі жаққа ептеп қалдырып кет өзін... соңынан іздеп барар адам да жоқ.

— Жоғалсаң іздер адамға қай қайсымыз да зәруміз-ау, аға. Сонымен, екінші көмекшілікке — Бақытжан шыдас берер. Терісі қалың, толық жігіт, арық-тұрақ біздерге жылу беріп жүрер.

Не дер екен деп басқарушының бетіне қарайын деп еді, ол терезеге бұрылып, мықынын таяна ойланып тұр екен. Біразға дейін жауап болмады.

— Кімді дейсің?— деп қайта сұрады сол теріс қараған қалпы.

— Бақытжанды.— Қышыған жеріне тигенін Нұржан да білді. Қасақана қаттырақ айтты.

— Ол жігіттің өзі қалай екен, шаруаға қыры жоқ, бос белбеу, орашолақ емес пе... Мынадай жауапкершілігі үлкен, қиын сапарға жарар ма екен?..

— Айыртаудан шөп әкелу Сандыбадтың жетінші сапары емес шығар.

— Шырағым, Сандыбадтың сандалбайынан мың есе ауыр сапар бұл. Жігіттің жігіті ғана төтеп бере алар. Оның үстіне биыл қыс қатты, қар қалың. „Қар қызы..." деген бәле оянып кетіпті деп жүр ғой. Не құт, не жұт...

— Ол жағын мен білмейді екенмін.

— Білмегенің жақсы, бәрібір осы күнгі жастар сенбейді.

— Е-е, есіме жаңа түсті... Қар қызы туралы аңызды айтасыз ғой. Күзде Айыртауға барғанда естігенмін. Рас болса ғой, шіркін... Нұржан бұл сөзді аһ ұрып арманмен толқып айтты.

— Рас болса, сол қызға үйленейін деп пе едің? Жә, былжырақты қоялық, үшінші шартыңды айт, шырақ.

— Үшіншіден, ағасы, үстіңіздегі тоныңызды басыңыздағы құндыз құлақшынды, аяғыңыздағы ақ пиманы прокатқа бере тұрасыз. Аман-есен қайтып оралсам, өзіңізге қайтарамын...

Упрай кеңк етіп күлді. Күлді де:— Мүмкін іштәнім мен іш көйлегімді қоса аларсың...— деп мысқылдаған.— Расында да, Қар қызын айттыруға баратындай-ақ, үлде мен бүлдеге оранбақ-ау.

— Үлде мен бүлдеге, ағасы, тек қана бастықтар орансын деген заң құрығалы алпыс жыл болды. Ал іш киімдеріңіз маған кеңдік жасайды.

— Ендеше, барлығы да кеңдеу...

Осы кезде есік сыңсып ашылды да, Бақытжан сығалады. Жып етіп қайта жаба беріп еді, ары-бері теңселіп жүрген Упрай:

— Бері кел, ей,— дел дауыстап шақырды. Бірін-бірі итере табалдырықтан аттағаи Бақытжан мен Аманжан, есік көзінде қалтиып тұрып қалып еді.— Төрге шығыңдар, ұзынды-қысқалы қоқиқаздар,— деп әзілдеген болды Упрай. Екеуі бірдей адымдап келіп, Нұржанның жанына жайғасты.

— Үйіңізге барсақ қой, дәл осылай құрметтемес едіңіз,— деді Аманжан әдеттегі шатаққа құмар морт мінезіне басып. Оның сөзін бөлімше басшысы мүлдем естімеген.

— Мәселе былай, жігіттер,— деп төтеден бастап еді, Бақытжан да тыныш отырмай, бір қысыр сөзді бықсыта жөнелді.

— Ағасы, жаңа сіз бізді қоқиқаз деп оскарбит еттіңіз, ондай құс барын қайдан білесіз. Айталық, мектепте биология, зоологиядан менен артық білетін бір оқушы болмаушы еді. Әлі есімде...

— Естелігіңді тездетіп айт, күн суық,— деді Аманжан.

— ... Әлі есімде, алтыншы класта оқып жүргенімде „көшпелі шегіртке", „көкқасқа шегіртке" деген екі сұрақ келді. Шегіртке, — деді Упрайға бажырая қарап,— өте мешкей болады, аға.

— Сенен де ме?— деді Аманжан тек отырмай.

— Сөзді бөлме, бұл саған қатысты мәселе емес. Айталық, бір ұрғашы шегірткенің ұрпағы өздерінің даму мерзімінде 300 килограмнан артық жас өсімдіктерді жейді екен. Шегіртке, жолдас управляющий, жем талғамайтын зиянкес...

— Сонда қалай?— Упрай алақанын жая сұрады. Ғажап, не ашуланбады, не ұрыспады, құрдасымеи қалжыңдасып отырғандай жайбарақат та мықты жауап қайтарды.— Сендер қоқи қаз, мен — шегіртке болғаным ба? Сол сен айтқан алтыншы класта менің ұлым да оқиды. Кітапты үнемі дауыстап оқитын, содан естіп едім, қоқиқаздар тамақтанған кезде жиі-жиі қарқылдаған тұрпайы үн шығарады дегенді...

— Бір де — ноль, аға, сіздің пайдаңызға,— деді Аманжан.

— Жә, жігітгер, ойнасақ та біраз жерге бардық,— деді Упрай,— мәселе былай...

— Мықтыларым сөз айтса, бас изеймін шыбындап...

— Қаңтардың қақаған суығында шыбындамай, сөзге қонақ бер,— деп Бақытжанға жекіп тастады. Анау қайтып жағаласпады.

— Мәселе былай...

— Аға,— деді бағанадан бері ләм демей отырған Нұржан.— Сапар мәселесін өзіміз-ақ реттейік. Тек, жылы киім жағын қайтеміз.

— Сен де бір қадалған жеріңнен қан алатын бәле екенсің. Жәрәйді, менің пимамды ал.

Упрай әңгіме тамам дегендей орнынан тұрды. Шапшаң қимылдап есікке беттеді де, соңынан ілесе шығып келе жатқан үш жігітке жалт бұрылды.

— Мен сендерді аяймын, шырақтарым. Бұл сапар — өте қауіпті екенін де білемін, амалым қайсы,— деп алақанын жая шарасыздық қалып танытты.— Совхоздың малы қырылып жатыр. Тіс шұқитын шөп жоқ. Үш жыл қатарынан болған құрғақшылық есімізді шығарып жіберді. Егер дәл осылай тағы бір жыл кәрін тіксе сырты түк, іші боқ хайуан қалмас. Ондай жағдайда біздің жер басып жүруіміз екіталай.

Барлығы дабырласа тысқа шыққанда қардың бағанағыдан ары үдегенін байқады. Қалың жауған кезінде төңірек қара құрықтана тұтасып, көрінбей кетеді екен. Әп-сәтте-ақ қарайған нәрсені ақ киізге орап тастайды. Дәл қазір жер бетінде қара түр жоқ, мұқымы — аппақ. Сол аппақ лайсаңның ішіне енген кісі де табиғаттың әзіргі бояуына көше жөнелді. Алғашқы қар жапалағы Нұржанның ұзын кірпігіне келіп қона қалып еді, еріген жоқ, кірпігі қимылдаған сайын, қоса шошаңдап көбелекше жабысып тұр.

Дүние жым-жырт. Қар қылғытып қойғандай.

— „Қар қызын" көрсеңдер сәлем айтыңдар, үш жыл кенеземді кептіріп, қаңсытқаны да жетер. Бір шалға өкпелеймін деп, мұқым елді қырып алмасын,— деді бөлімше басқарушысы ойын-шыны аралас. Құндыз бөркін басынан жұлып алды да, жамбасына қағып-қағып, қарын түсіріп қайта киді.

— „Қар қызы" деген қиссаны қайдан шығарып жүрсіндер осы. Ондай ертекке қазір бала да сенбейді. Әйда, не тұрыс, кеттік,— деді Аманжан тықыршып.

— Аға, сіздің үйден оразамызды ашып шықпаймыз ба?— деді Бақытжан.— Қауіпті тапсырмамен аттанып барамыз, мүмкін, бұл ақырғы дәміміз шығар...

— Қайдағыны оттама!— деді Упрай.

— Осы күнгі жастар бұзылған...— деді Нұржан мысқылдап.— Ал, сау болыңыз, аға. Енді көре алмаспыз сізді. Таңертең ерте жүреміз ғой.

— Сау болыңдар. Дегенмен ақыл тапқан сендер ме деймін. Көрінгенмен кеңірдектесіп абаласып ауылда жүргенше, айдалада ойхой дүние кешіп, жандарың тынышталады. Менің күнім болса мынау, топалаңдардың тұтқыны болып, өлгенше түспес қамытты мойныма іліп жүргенім... Кейде екі қолымды төбеме қойып, басым ауған жаққа лағып кеткім келеді... Әй, қойшы, біреудің мұңын біреу тыңдаған заман ба?..

Упрай қолын жалғыз-ақ сілтеді де, жалт бұрылып жүре берді. Жігіттер аң-таң. Қапалақтап жауған қардың астында сүмірейіп тұрып қалған.

— Өмірде осындай да адамдар бар,— деді Нұржан, екі жағасы мен өңіріндегі ұлпаны қағып.— Қай сөзіне сенеріңді, қай мінезіне көнеріңді білмей дал боласың.

— Екеуіне де сен, екеуіне де сенбе,— деп жұмбақтады Бақытжан.

— Ал, не тұрыс,— деді шыдамсыз Аманжан.— Біздің үйге кеттік.

Шырмауық салып ашытқан бал сыра бар...

— Әуелі жол қамына кірісейік,— деп еді Нұржан.

— Оған кірісетін түк те жоқ. Тракторға от алдырамыз да, қайдасың Қар қызы деп аңыратып қоямыз. Әйда, жүріңдер,— Екі жігіттің екі жеңінен ұстап дырылдата жөнелді.

Олардан басқа қыбыр еткен жан жоқ еді далада. Әншейінде, ырбыңдап, арсылдап аяққа оралғы болар ит-екеш итке дейін ине жұтып, қырылып қалғандай, Қарқылдап ұшар қарабайыр қарғалар да жым-жылас. Тек қана қар — аспанда, жерде. Сол қар мұхитының ортасында қалқаң қағып, ала жөнелген үш жігіт Аманжанның қос бөлмелі ағаш үйлеріне жақындағанда, алдарынан атты адам жолықты. Сауырынан қарлы су сорғалағап аттың ақ, қара, құласын ажырату қиын, қыстап жіберген қатты жүрістен екі бүйірі солықтап, танауы пыр-пыр етеді. Ер үстіндегі еркек таралғы бауға аяғын шірене тіреп:

— Упрайды көрдіңдер ме?— деді.

— Осы жаңа ғана үйіне кетті,— деді Нұржан.— Асығыссыз ғой.

— Әкеңнің аузын... Асықпағанда қайтем... Мал қырылып жатыр,— деді түтігіп.

— Кімнің әкесін ауызға ұрасыз?— деп қырсықтана сұрады Аманжан.

— Барлығының да... Осыдан үш күн бұрын қар итеріп, қойға тебін аршып беруге бір трактор жіберем деп еді, әлі жоқ. Жаңа үйіне барсам, тракторды қармен көміп, балаларға сырғанақ жасап беріпті де, шалқасынан түсіп, аузынан су ағып мас болып жатыр.

— Ой, одан шығады,— деді Бақытжан.— Бәсе, өзі де, ДТ-сы да жоқ болып кетіп еді.

— Ал енді бар үміт сендерде,— деді Қойшы жалбарына қарап.— Сендер жүріндер. Ақысын қалтамнан да төлеймін, нәрет те жаптырайын. Әкесінің аузын... елу шаршы шақырым жердің тебінін аршып берді деп, қол қоймасам, атымды басқа қойыңдар.

— Бізді Айыртауға пішен әкелуге жіберіп қойды, аға. Әйтпесе келісер едік.— Нұржан сыпайылап жауап беріп еді, анау қамшысын бір-ақ сілтеді де, буы бұрқыраған атын екі өкпеден тебініп қалды.

— Ой, құдай-ай, сендермен қысыр әңгіме құрып тұрғанда бес-алты тоқты өліп қалды-ау. Упрайдың өзіне малын санап беріп, басым ауған жаққа лағып кетпесем...

Құйын-перен шапқылай жөнелді. Артында бұрқырап қар бораны қалды. „Мұның да басы ауған жаққа лағып кету ойы бар, еріктеріне салса, бұл ауылда бір түйір адам қалғысы жоқ,— деп ойлады Нұржан.— Сонда қайда барады?"

Қар толастар емес... Үнсіздікті де осы қардан үйрену керек шығар...

Толық нұсқасын жүктеп алыңыз!

Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
оралхан бөкей қар қызы оқу, оралхан бокей ангимелери, оралхан бөкей әңгімелерін оқу, оралхан бөкей әңгімелері, оралхан бокей кар кызы, оралхан бокей рассказы на казахском, оралхан бокеев рассказы на казахском, Қар қызы, оралхан бокеев, рассказы на казахском, оралхан бөкей, әңгімелерін оқу, әңгіме, әңгімелер, әңгімелерін, оқу, оралхан бокей, ангимелери, ангиме, оралхан, бөкей, қар, қызы, бокей, әңгімелері, кар, кызы, рассказы, на, казахском, бокеев, Қар

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]