Әңгіме: Бердібек Соқпақбаев | Саша

Әңгіме:  Бердібек Соқпақбаев | Саша

Павлодар қалалық қонақ үйі әкімшісінің алдында тұрмын. Бұл көзәйнек киген үлкен мұрынды кішкентай сұр кемпір. Қолдан тоқылған ескілеу жүн бөкебаймен арық жіңішке мойнын иегімен тұтастыра орап алған. Менің орын сұраған өтінішіме ол мезі болған қатқыл үнмен: «Орын жоқ», — деп қысқа жауап қайырды.

— Енді қалай ету керек?

Кемпір менің бұл сұрағымды құлағына да ілмеді. Столыпин тартпасынан қысқыш темір алып, бір қағаздардың шетін бекіте бастады. Оның тырысқақ кейпіне іштей ызам келіп тұрса да, биязы үнмен жағына сөйледім: — Кешіріңіз, мен тыңға келген жазушы едім.— Жазушылық кішкентай қоңыр билетімді кемпірдің алдына тостым. Кемпір менің билетіме емес, ажырайған суық көзбен жүзіме қарап:

— Мына отырғандарды көрдіңіз бе! Бәрі тыңға келгендер Әне, бірнеше күннен бері бала-шағасымен дәлізде Иленіп жатқандары бар. Орын болса, әуелі соларды орналастырмас па едім, — деді.

Мен ештеңе дей алмай қалдым. Дәліздің екі өңіріне қойылған диван, орындықтарда шынында да әйел-еркегі аралас он шақты адам түйіншек, чемодандарын төңірегіне үйіп қойып, манаурасып отыр еді. Соларды елеместен киіп-жарып кеп, орын сұрап, жазушылығымды дес еткеніме ыңғайсызданын та қалдым.

Қайтадан астыңғы этажға түстім. Жүгімді сақтық қоймасына тапсырып, ресторанға кірдім. Қазір кешкі сағат тоғыз шені. Тыста қарлы - жаңбыр сабалап, суық жел ұйтқып тұр. Ауа дымқыл, кеше лас. Есіктен бас сұғуға жиренесің.

Менің үзіп-созып, асықпай тамақтануым екі сағаттай уақытқа созылды. Мен ғана емес, өзгелердің де тамақты сылтауратып, мына жарық, жылы бөлмеден шыққылары келмей отырғаны ап-айқын. Бірақ отыра беріп те жалығасың ғой. Ақыры официанткамен есептесіп, орнымнан түрегелдім. Басқа барар жерім болмағандықтан қайтадан екінші этажға көтеріліп, дәліздің бойымен әрі-бері сенделіп жүре бастадым. Бағанағы манаурап отырған жұрт енді сол орын - орнында жайласып, ұйқыға бет қойған. Кейбіреулерінің бастары салбырап, тізелеріне түсіп кеткен. Енді біреулер шалқасынан кегжиген күйі қор етіп қап, өз үнінен өзі шошып оянады. Бір уақытта қабырға сағат сыңғырлап, он екіні соға бастады. Сол кезде:

— Азамат! — деп саусағымен ымдап шақырды әкімші кемпір. Бір жақсылықтың боларын сезіп, қасына жетіп бардым, — Жүріңіз, мен сізді бүгінше орналастырайын.

Кемпір мені бұрыштағы бір бөлмеге ертіп келіп есігін ашты. Шам жақты.Ұзынша келген екі адамдық, шағын бөлме екен. Төсектің бірінде сары шашы ұйпаланып, біреу іргеге қарап ұйықтап жатыр. Орта тұсынан ашылған күйі тұмсығына тіреліп жатқан «Новый мир» журналы оның оқу үстінде талып барып қалғып кеткенін баян еткендей. Кемпір маған екінші бос төсекті нұсқап: «Бүгінше мынада ұйықтап шығыңыз. Иесі келе қоймас», — деді.

Сол күйде қатып қалған екем. Бірдеңе бүйрегіме солқ еткізіп соғып қалғанға шошын оянып, көзімді ашып алсам үй іші жап-жарық. Ертеңгілік мезгіл. Үстіме бес-алты жастар шамасы торсық шеке, әдемі бір сары бала мініп алыпты. Meнің оқыс қозғалысымнан жығылып қала жаздаған оны қолыммен сүйеп ұстай беріп:

— Өй, кімсің сен? — деп сұрадым таң-тамаша қалып.

Менің көзіме көзі түскенде, баланың масайраған жүзі кенет ойран-топай бұзылып сала берді. Ойламаған жерден үрейлі жыртқыш аңмен бетпе-бет келіп қалғандай көзі шарасынан шығып, шегіншектеп барады. Ол үстімнен түсе қашпақ болғанда, шап беріп білегінен ұстай алдым. Бала бақырып жылап жіберді.

— Өй, неге жылайсың! Жылама? — дедім өңімді жылы салып.— Кімнің баласысың? Жөніңді айт.

Осы кезде сырттан түкті орамалмен жалаңаш мойнын қызарта ысқылап, қатарымдағы екінші төсектің иесі кіріп келді. Ол баланы көріп, шұрқыраса кетті: — Саша, бұның не, неге жылайсың?

Мен көршіме баланың мені шошытып оятқан қылығын айтып беріп ем, ол мәз бола күліп: «Мына төсекте оның панасы жататын. Күнде таңертең кеп, үстіне мініп алушы еді. Сізді сол екен деп қалған ғой», — деді.

Бұған мен де рақаттана күліп жатырмын. Көршіміз екеуміз Сашаны лез жұбатып алдық. Енді ол көз жасын құрғатып, бізден папам қайда деп сұрай бастады.

— Папаң кеше совхозға кеткен. Жұмысқа орналасып, пәтер дайындағаннан кейін машина алып келіп, сендерді, мамаң екеуіңді, көшіріп әкетеді, — деді көрші жігіт.

— Жоқ, біз совхозға емес, тыңға барамыз, — деді Саша дереу сергіген үнмен.

— Сен де тың көтеруге келдің бе?— деп сұрадым қайтер екен деп.

— Мен әзір кішкентаймын ғой. Үлкейгенде тракторшы болам.

Осы кезде ашық тұрған есік алдына аяғын дік - дік басып, сұңғақ бойлы әдеміше жас келіншек келді де:

— Саша, папаң келмеген бе? Бөгде ағайларды мазаламай бері жүр, — деді.

— Жоқ, Саша бізді мазалап жатқан жоқ. Қайта әңгімешіл, жақсы бала екен, — дедім мен.

— Байқа, Саша, тентектік істеуші болма, — деп ескертті де мамасы өз бөлмесіне кетті.

Киініп жатқан менен: «Сіз кімсіз?— деп сұрады Саша.— Сіз де тыңға келдіңіз бе?»

— Ие, — дедім мен, — мен де тыңға келдім. Мен жазушымын.

— Балалар жазушысыз ба?

— Иә, балалар жазушысымын.

— Маршаксыз ба?

— Жоқ, Маршак емеспін.

— Енді кімсіз?

Мен өз аты-жөнімді айттым. Балалар жазушысымын дей, тұрып бұның Маршак болмағаны қалай дегендей, Саша маған таңырқаған пішінмен қарап қалыпты.

Саша шынында да әңгімешіл, үйірсоқ бала екен. Енді мені жәмпейлеп, төсегімнің қасындағы орындыққа отырып та алды.

— Тыңда сіз не істемексіз? — деп сұрады ол менен.

— Кітап жазамын

— Қандай кітап?

— Тыңға жан-жақтан көп-көп адам келіп жатқанын сен көріп отырсың ғой. Сенің папаң да тың игеруге келді. Міне, солар жөнінде, солардың қалай еңбек еткені жөнінде жазам.

— Менің папам туралы да жазасыз ба?

— Жөні келсе сенің папаң туралы, мына сен туралы да жазам.

— Мен туралы не жазасыз?

— Осындай... тың игеруге келгендердің ішінде Саша дейтін әңгімешіл, ақылды бір бала бар. Үлкейгенде ол папасының орнын басып, тракторшы болмақшы. Бұл секілді кеудесінде оты бар баланың қиялы жүзеге асатынына мен кәміл сенемін деп жазамын.

— Менің сіздің үстіңізге мініп алғанымды жазбайсыз ба? — деді Саша уайымдаған пішінмен.

— Жоқ, оны жазбаймын, — деп уәде бердім.


Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
әңгіме Бердібек Соқпақбаев Саша туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Бердібек Соқпақбаев Саша на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]