Мақал - мәтел: Дос, жолдас

Мақал - мәтел: Дос, жолдас

Жақсы дос пайдасын тигізбесе,
зиянын тигізбейді;
Жаман дос алдыңды орап
жүргізбейді.

Ат барда есекке жол болсын,
Дос барда есепке жол болсын.

Данышпанға да дос керек,
Палуанға да демер күш керек.

Адамгершілік белгісі -
иіліп сәлем бергені.
Шын достықтың белгісі -
көп кешікпей келгені.

Жер берігінде қосың болсын,
Ел берігінде досың болсын.

Сүйек тамыр сүйенісіп күн көрер,
Ауыз тамыр айтысып, ақысын алар.

Ел сүйгендей досың болсын,
Жер сүйгендей қосың болсың.

Айырылмастай досыңа,
Қайырылмастай сөз айтпа.

Қасыңның жылмаңдағанынан,
Досыңның түнергені артық.

Досым, досым дейсің,
Нанымды алдап жейсің.
Арпа, бидай піскенде,
Досым құрысын дейсің.

Жаман аттан аяғым жақсы,
Жаман достан таяғым жақсы.

Жаман дос - көлеңке:
басыңа бақ қонса,
қашып құтыла алмайсың.
Басыңа бұлт төнсе,
іздеп таба алмайсың.

Досыңның үйі - өз үйің,
Досыңның сыйы - өз сыйың.

Ұстамен дос болсаң,
Керегіңді соқтырып аларсың.
Қайықшымен дос болсаң,
Қайығыңды суға саларсың.
Ұрымен дос болсаң,
Қораға шабарсың.

Қатыныңмен дос бол,
Үйіңе береке кіреді.
Азаматпен дос бол,
Қадіріңді біледі.
Білімдімен дос бол,
Сасқанда ақыл береді.

Алыстағы дұшпаннан,
Аңдып жүрген дос жаман.

Тау берігінде қонысың болсын,
Іздеген жау таба алмайды.
Ел берігінде досың болсын,
Аңдыған жау ала алмайды.

Достың көзінде болғанша көңілінде бол.

Құдайдың бергені қолдануға жақсы,
Достың бергені мақтануға жақсы.

Адал дос жаныңды сақтайды,
Аяр дос малыңды сақтайды.

Жолдасың жаман болса,
Алыс жүріп түн қатпа;
Қатының жаман болса,
Кісі алдында тіл қатпа.

Мыңның түсін танығанша,
Бірдің атын біл.

Әр құстың лайықты жемі бар,
Әркімнің лайықты теңі бар.

Тең құрбыңнан кем болсаң,
Көрінгенге жем боласың.

Жолдасын жамандаған жолдассыз қалады.

Бір сапар ат арытпас,
Жаман жолдасын жарытпас.

Құс қанатымен, ер жолдасымен.

Құрдас тапқан құл азбас,
Жолдас тапқан ұл азбас.

Жолдан қосылған жолдас болмайды.

Жаман жігіт жолдасын жауға алдырар,
Өзін ұятқа қалдырар.

Жора-жолдас не керек,
Жауға бірге шаппаса?
Арғымақ мініп не керек,
Жабыдан озып, артпаса?

Атты жолдас болмайды арбалымен,
Жортақ жолдас болмайды жорғалымен.

Жорға мінген жолдасына қарамайды.

Шын жолдас сөзге берік, ерге серік.

Тәуір көрген досыңа,
Тәуір көрген малын бер,
Көре-көре сүйінсін.
Көңіл қалған досыңа,
Жаратпаған малын бер,
Көре-көре күйінсін.

Ұстамен дос болсаң, наркескенін аларсың.

Достың ұлы - өз ұлың.

Біреуге беріп жағасың,
Біреуге еріп жағасың.

Табы бірдің ары бір,
Адал достың жаны бір.

Доссыз өмір - шоғы жоқ көмір.

Достыққа бірлік пен теңдік дәнекер.

Дос іздедім, қармандым,
Тауып едім алдандым.

Сыр айтқанда досыңды дұшпаным деп ұқ.

Құданы Құдай қосады,
Досты періште қосады.

Күншіл дос:
озып бара жатсаң, етегіңнен басады,
қалып бара жатсаң, қасыңнан қашады.

Қылауына қыл түспеген татулық.

Досыңның пышағымен мүйіз кес,
Дұшпанның пышағымен киіз кес.

Тату болсаң, табақ қатынайды.

Сабы жоқ шотпен отын жарма,
Сабырсыз доспен жауға барма.

Ақылсыз достан ақылды дұшпан артық.

Досыңның асын қасыңдай іш,
Қасыңа барарда қанып іш.

Күшіңе қарай жүк көтер,
Мінезіңе қарай дос таңда.



Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
мақал мәтел Дос жолдас туралы туралы макал мател, пословицы на казахском языке, макалдар туралы мақалдар, мақал мәтелдер Дос жолдас туралы туралы макал мателдер, Дос жолдас туралы

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]