Қазақша өлең: Бауыржан Қарағызұлы (SMS хат)

Қазақша өлең: Бауыржан Қарағызұлы (SMS хат)

Алғашқы SMS хат

Өткен іске өкініп, өлесің бе?!
Басқа салса, бәріне көнесің де.
Басқа бір жан, жат өзек бақытым ба,
Бақытсызбын, осыған сенесің бе?!

Түсін, жаным,
Мен бәрін түсінемін,
Түсінуге жаралған кісің едім.
Соңғы сөзім ұласып күрсініске
Соңғы рет бір қолыңа түсіп едім...
(Түуф! сол кезді несіне еске түсіремін?!)

Көзден ақса мөп-мөлдір бұлақ – қайғым,
Сабырыма бас ұрып тұрақтаймын.
Сені ойлаймын, білмеймін, неге ойлаймын,
Сенен басқа ешкімді ұнатпаймын!

Сенсіз өткен тілдеймін түндерімді,
Сенсіз өткен күндеймін күндерімді.
Сезім суып, ой ұлып, көңіл өксіп,
Өзімді емес, сүйретіп сүлдерімді,
Кеше тағы базарды араладым,
Қара базар ─ ұясы бал араның.
Қарсы алдымнан қырсығып қарсы шықтың,
Қасарысып әдейі қарамадым.
Қа-ра-ма-дым!!!

Содан кейін түтіп жеп қалың күдік,
Бағым жылап тағы да, сорым күліп,
Арымдағы мұңайтып Періштемді,
Қанымдағы Ібіліс қағындырып.
«Сүймеймін» ─ деп,
«Сүй-мей-мін» ─ деп, бір кезде көкіп едім,
Толып кетті құсаға көкірегім.
...Телефоннан бұл хатты өшірсең де,
Жүрегіңнен өшірме, өтінемін...


Үшінші SMS хат

Жалықтым бәрінен жерідім,
Сендей боп түсінсін мені кім?!
Әзірге жаныма жұбаныш
ұялы телефон­ ­– серігім.

…Альбомды ақтардым түнімен,
Өзімді тағы да алдадым.
Жас сіңген жастықты құшақтап,
Ұйықтай алмадым.

Шырмауық ойыма шырмалып,
Не таптым түнеріп түн бағып?!
Сұп-суық таң атып келеді,
Сұп-суық төсектей сұрланып.

Сұп-суық тағдырға мөлдіреп,
Жанымнан ып-ыстық жас тамған.
Сен деген сенделген ғұмырды
Ми емес, жүрегім басқарған.

Өтінем, хат жазшы аспанға,
Хаттарың аспанмен келеді.
Сағыныш тілімен оқиын,
Жоқ менде басқа арман… Себебі…


Жетінші SMS хат

Жеті қараңғы күмәннің ішінде...
Үмітім үнсіз жылады,
Жаным...
(Кім бізді түсініп, ұғады??!)
Жүрек,
Айтшы!

Жолықтым...
Күмілжіп алдыңда
есімнен адастым...
Содан соң... ағылып сезіммен сөйледім
Сағынып...

Мен сені
өзіме шақырдым,
өзімді іздедім көзіңнен.
Таппадым.

Келмедің...
Уәде –– кімнің сөзі?!
Жігіт,
Жалғыздық суытып сезімді.
Жалғыздық жұтты ма сөзіңді?!

Мен
Тағы да жоғалттым өзімді.
Сен
Ештеңе сезбедің, білмедің...
Күлдің...
...Білдім.

Жеті рет әдейі жолықтым,
Жеті рет...
Ырқыңа жығылдым...
Ымыңа жүгірдім...
Ұқпадың...
Жеті түн түсімнен шықпадың,
Жеті күн есімнен кетпедің...

Түсімде
қолыңды созасың жымиып...
Қиналдым...
Жетпедім...
Таусылды төзімім,
Таусылған төзімнің
Ып-ыстық жасына жуылдым...

Өңімде
Өзіңсіз –– бәрі бос.
Сезіндім.
Қорықтым...

О, Тәңір, Мен неткен дәрменсіз өмірмін?!!
Ұғындым...
Үгілдім...
Түңілдім.

Міне, енді...
Қара түн қанатын жайғанда қалаға,
Кеземін қаңғыбас қиялдың арасын
жол таппай баратын
Саған.

Түн... арманның көгінде жұлдыздар бүрлеген,
Түн... жастыққа шерімді тарқаттым көзіммен.
Түн... Түс көрдім тағы да...
Түсімде
Жетем деп жетпедім жаныңа.
Түүф, тағы да жүрегім дауыстап жылады...
Осылай ғұмыр кеш деп пе едің?!.
А...?!


Он үшінші SMS хат

Түнімен ауырып жүрегім,
Құдайдан біз жайлы тіледім.
Бүгін мен...
Бүгін мен бәрінен кеш қалып әдейі,
Сен жүрген көшемен жүремін...

Жақындап бара алмай қасыңа,
Тұншықтым, тұншықтым тағы да жасыма.
Құдай-ау, ойымнан кетпейсің,
Махаббат дегенің осы ма?!

Мен саған...
Мен саған сөзіммен, көзіммен, өзіммен,
Ұнағым келеді, ұнағым...
Жылайтын сәттерде жымиып,
Күлетін кездерде жыладым...

Мен де бір көктемнің жаңбырлы әнімін,
Тағдыры жауратқан жаны – мұң...
Бәрі де... Барлығы өткінші, білемін...
Сен ғана өткінші емессің, жарығым...
Сен ғана...


Қырық бірінші SMS хат

Өзгені ұнатпай,
Өзімді жек көрдім.
Тілдедім тас бауыр тағдырды.
Мына түн не деген сұп-суық?!
Жанымды тоңдырды.

Өзіңсіз қыбырлап құр босқа,
Күн өтті, апта өтті иіріліп жыландай,
беліне оралып бұл айдың.
Мен неге үніңді естісем қуанбай,
Неге Мен жылаймын?!

Ботадай боздайды
Жас жетім жүрегім.
Бағынбай ешқандай ақылға.
Сен мені жұбатып,
хат жазшы өтірік,
Қуанып қалайын...
Мақұл ма?!


Соңғы SMS хат

Өткенді несіне қозғаймын,
Мен енді күнделік жазбаймын.
Үніңді сағынып, үнемі
телефон шалмаймын.
Сен жүрген көшемен жүрмеймін,
сен барған тойға да бармаймын.
Нәресте – сезімім жыласа,
өбектеп алдаймын...
Жүрегім жыласа қайтемін,
Жаным-ау, соңғы рет айт, емін?!
Күдіктен сейілсін көкейім,
Тәңірім қоспаса не етейін?!
Қайтарып тасташы бетімді,
Өмірден өкінбей өтейін.

Ақ көңіл асылым, арманым,
Кім екен ғашығың, жан-жарың?!
Қабағым қай жаққа тартып тұр?
Көтеріп мұңымның салмағын.

Осылай үмітті ырыммен,
Көңілім көлдей боп шалқыған.
Кешірші, ең соңғы хатым бұл,
демінен сағыныш аңқыған...
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
бауыржан қарағызұлы SMS хат өлең олен бауыржан карагызулы стихи на казахском языке, бауыржан қарағызұлы өлеңдері, бауыржан карагызулы олендери, стихи на казахском языке бауыржан карагызулы, акын бауыржан карагызулы, Алғашқы SMS хат, хат туралы олен, хат туралы өлең

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]